Заң жобасы арқылы мұнай өнімдерін жеткізушілерді аккредиттеу рәсімі қарастырылып отыр
АНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Заң жобасы арқылы мұнай өнімдерін жеткізушілерді аккредиттеу рәсімі қарастырылып отыр.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев мәлім етті.
Министрдің айтуынша, заң жобасында өкілетті органдардың функциялары нақтыланып, біршама шектеулер де қамтылып отыр. Мұның өзі мұнай өнімдерін өндіру мен оның айналымын реттеу саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін тәртіпке келтіруге мүмкіндік береді. «Екіншіден - маңызды әлеуметтік мәні бар, сондай-ақ ел экономикасына елеулі әсер ететін мұнай өнімдерінің бөлшек саудадағы бағаларын мемлекеттік реттеу тетігін құру көзделді. Үшіншіден - мұнай өнімдерінің көтерме саудада сату нарығына кіруі үшін біліктілік талаптарын бекіту арқылы мұнай өнімдерінің нарығын тәртіпке келтіру көзделіп отыр. Бұл ретте мұнай өнімдерін жеткізушілерді аккредиттеу рәсімі де көзделеді. Бұл жағдай нарықтағы бәсекелестікті дамытуға кері әсерін тигізетін делдалдық құрылымдарды нарықтан кетірудің тиімді жолы деп есептейміз», - дейді құжат бойынша баяндаған министр Сауат Мыңбаев. Оның айтуынша, заң жобасы мұнай өңдеу зауыттарына барлық жеткізушілердің теңдей қолжетімділігіне мүмкіндік беретін бірқатар ережелерді де қамтиды. Бұдан бөлек, мұнай өнімдерінің өндірісі мен оның айналым нарығын реттеу тетігі еліміздің аймақтарындағы отандық мұнай өңдеу зауыттарында өңделген мұнай өнімдерінің кепілді түрде жеткізілімін қамтамасыз ететін болады. «Сонымен қатар, заң жобасы бойынша Қаржы министрлігіне мұнай өнімдерінің айналымына бақылау жүргізетін өкілеттік беріледі. Аталған бақылауды жүргізу мұнай өнімдері айналымы бойынша декларацияларды, ілеспе жүк құжаттарын, сондай-ақ аталған есептік бақылау құралының мәліметтерін талдауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде мемлекет тарапынан мұнай өнімдері айналымына бақылауды жеңілдетеді. Сондай-ақ, заң жобасында жеке қуаттар есебінен мұнай өнімдерінің барлық түрі мен ішкі нарықты толық көлемде қамтамасыз ету және олардың сапасын ең үздік әлемдік стандарттарға жеткізуге мүмкіндік беретін технологиялық қондырғыларды жетілдіруді жүзеге асыратын мұнай өндірушілер үшін елеулі ынталандыру болып табылатын шаралар қамтылады. Бұл ретте мұнай өндірушілердің осы бағыттағы инвестициялық бағдарламасын бекітуге қатысты жаңа нормалар пайда болды. Сонымен қатар, мұнай өңдеу зауыттарына мұнай жеткізуден бастап дайын өнімдерді түпкілікті тұтынушыларға жеткізгенге дейінгі мұнай өнімдерінің өндірісі және оның айналымы мониторингін жүзеге асыру тетігі де көзделді. Бұл өз кезегінде республиканың барлық өңірлерінде мұнай өнімдерімен тиісінше қамтамасыз ету үшін жедел ықпал етуге мүмкіндік береді», - деді Мұнай және газ министрі.