Заң жобасы арнайы экономикалық аймақтарды басқару тиімділігін арттыруды көздейді
АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Ертең, сәрсенбі күні, Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыға салынады.
Бұл заң жобасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылғы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа онжылдық - Жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» аттыЖолдауында айтылған индустриалдық дамудың басымдықтары мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеуінің жаңа тәсілдерін ескере отырып, арнайы экономикалық аймақтар туралы жаңа заң жобасын әзірлеу қажеттігі туралы тапсырмасын орындау үшін әзірленген.
Заң жобасының мақсаты Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтарды басқару тиімділігін арттыруды көздейді.
Сонымен қатар жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық аймақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да бірінші оқылымда қарау туралы мәселе күн тәртіне ұсынылған.
Заң жобасының мақсаты жөнінде ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау баяндама жасайды деп күтілуде.
Заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі, Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Жексенбай Дүйсебаев қосымша баяндама жасайды.