Заң жобасы білім беру саласында қазіргі заманғы басқару нысандарын енгізуге, университетті, зияткерлік мектептерді дамытуға жол ашады
СТАНА. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында жуырда Үкіметтен келіп түскен жаңа заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу жөніндегі мәселе қаралды. Атап айтқанда, «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу міндеті Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне жүктелді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл заң жобасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылы Қазақстан халқына жария еткен «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына сәйкес әзірленген. Жолдауда Мемлекет басшысы Астанада түлектерге ерекше қабылдау шарттары мен айрықша қойылатын талаптары бар беделді инженерлік-ғылыми оқу орнын құру және тиісті заң жобасын Парламентке енгізу міндетін алға қойған еді.
«Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» қызметі үшін заңнамалық негіз жасау қазіргі кезде қолданылып жүрген «Болашақ» халықаралық президенттік бағдарламасының қисынды жалғасына айналады және Қазақстан Республикасының индустриялдық-инновациялық дамуының міндеттерін шешу үшін ұлттық инженерлік-техникалық және ғылыми кадрларды даярлауда сапалы серпіліс жасалуын қамтамасыз етеді.
Заң жобасы білім беру саласында қазіргі заманғы басқару нысандарын енгізуге, университеттің, зияткерлік мектептердің инновациялық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыру үшін қажетті академиялық еркіндігі мен дербестігін дамытуға жол ашады. Сонымен бірге білім беру саласында ең үздік әлемдік практиканы ескере отырып, жаңа білім стандарттарын енгізуге жағдай жасауға бағытталған.