Заң жобасы: Бизнеске бұзушылықтарды жоюға мүмкіндік беріледі

«Біз «алдын алу бақылауы» деп аталатын түсінік енгіземіз. Бұл барынша революциялық өзгерту. Қазіргі уақытта тексеруші нысанды тексеру барысында бұзушылық тапса, онда міндетті түрде хаттама, ал одан кейін әкімшілік айыппұл туралы хаттама жазады. Біз бұл жүйені түбегейлі өзгертуді ұсынамыз. Яғни, тексеруші бұзушылықты (аса өрескел емес) тапқаннан кейін ескерту хатын жазып, аталған бұзушылықты жоюға ақылға қонымды уақыт береді. Бұзушылық түзетілген жағдайда аталған кәсіпкерлік субъектісіне ешқандай талап қойылмайды. Егер де бизнесмен ақылға қонымды уақыттың ішінде бұзушылықты түзете алмаса, онда әкімшілік жауапкершілік шаралары салынатын болады», - деді министр ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Мұнан бөлек, мемлекет квазимемлекеттік сектор мен табиғи монополия субъектілері беретін және бизнес оны көрсететін лицензиялар мен рұқсаттарды реттейтін болады
«Өздеріңізде білетіндей, бізде олар көрсететін өте көп қызмет бар. Олар электр желілеріне, жылу желілеріне, су коммуникацияларына қосылу сынды - жалғаса береді. Олардың өзіндік процедуралары бар. Олар барынша күрделі, түсініксіз әрі регламенттелмеген. Сондықтан біз оны регламенттейтін боламыз. Мұнан бөлек, әралуан қызмет түрлеріне, тіпті ол анықтама, қандай да бір келісім болсын, түрлі мемлекеттік РКМ немесе АҚ көрсететін тарифтерді де тексеріп шығамыз», - деді Тимур Сүлейменов.
Министрдің атап өтуінше, бұл шаралар «Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында көзделіп отыр. Құжат қыркүйек айында Мәжіліс депутаттарының қарауына енгізілмек.