Заң жобасы бойынша халықаралық сауданы дамыту үдерісінде Қазақстанның белсенді қатысуы үшін жағдайлар жасалатын болады
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша халықаралық сауданы дамыту үдерісіне Қазақстанның белсенді қатысуы үшін жағдайлар жасалатын болады.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде аталған құжаттың таныстырылымы барысында Индустрия және сауда вице-министрі Тимур Жақсылықов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Вице-министрдің айтуынша, заң қабылданған жағдайда қосымша бағыттар бойынша тарифтік квоталарды қолданудың шарттары мен тетіктерін, сондай-ақ тарифтік емес шараларды қолданудағы Үкіметтің құзіреті айқындалады. Сонымен қоса, уәкілетті органға сауда қызметін реттеу саласындағы қосымша функциялар берілетін болады.
Бұдан басқа, халықаралық сауданы дамыту процесінде Қазақстанның белсенді қатысуы үшін де жағдайлар жасау көзделеді. Бұл сыртқы саудадағы еліміздің өнеркәсіп өндірісінің өсуіне, нарықтық ортада бәсекелестікті қалыптастыру және көтеру үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.
«Сондай-ақ, сауда қызметін реттеу саласындағы заңнаманы жетілдіру арқылы Қазақстан әлемдік сауда жүйесіне ықпалдасуға, шикізаттық емес сектордың экспорт үлесін ұлғайтуға, ішкі сауда инфрақұрылымын дамытуға септігін тигізеді деп болжанады», деді вице-министр.