Заң жобасы доңғалақты көлік құралдарын мерзімді техникалық тексеруге арналған біркелкі талаптарды қабылдау мәселелерін қарастырады
АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат - Үкімет «Доңғалақты көлік құралдарын мерзімді техникалық тексеруге арналған біркелкі техникалық шарттарды қабылдау туралы және осындай тексерулерді өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын Мәжілістің қарауына ұсынды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің 2007 жылғы қазанның 6-сындағы шешімімен ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттерге көлік және коммуникация саласындағы халықаралық конвенциялар мен шарттарға, оның ішінде Доңғалақты көлік құралдарын мерзімді техникалық тексеруге арналған біркелкі техникалық шарттарды қабылдау туралы және осындай тексерулерді өзара тану туралы келісімге қосылу туралы ұсыныс жасалды.
Осыған орай доңғалақты көлік құралдарын мерзімді техникалық тексеруге арналған біркелкі талаптарды қабылдауға және барлық Келісімнің мүше мемлекеттерімен осындай тексерулерді өзара тануға бағытталған Келісімнің ратификациялауын көздейтін Заң жобасын Үкімет әзірлеп, Парламент Мәжілісінің қарауына енгізіп отыр.
Келісімді ратификациялау Қазақстан Республикасындағы техникалық және технологиялық нормаларды еуропалық стандарттармен бірдейлендіруге, мерзімді техникалық тексерулерді өту үшін уақытты және олармен қатысты шығындарды үнемдеуге, сондай-ақ көлік құралдарына «Еуро-2» экологиялық талаптарын енгізуге мүмкіндік береді.
Келісімді ратификациялаған кезде оны іске асыру келеңсіз әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша шығындарды қажет етпейді.