Заң жобасы энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыруды көздейді

ТАНА. 6 қазан. ҚазАқпарат - Заң жобасының мақсаты - энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру. Осы орайда бүгін Мәжілісте «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.

Заң жобасы энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыруды көздейді

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің хатшысы Валерий Котович кіріспе сөзінде: «Осы жобаның еліміз үшін, мемлекет үшін маңызы зор. Себебі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап айтқандай, энергияны тиімді пайдалану басты мақсат болып табылады. Сондықтан бесінші сессияны ашу барысында Президент Н.Назарбаев депутаттарға аталған заң жобасын бірінші кезекте қабылдау жөнінде міндет қойды»,- деді.

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Қаныш Төлеушин баяндама жасап, заң жобасы «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын одан әрі іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Президентінің 2007 жылғы 6 сәуірдегі Жарлығына сәйкес әзірленгенін айтты.

Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»заң жобасының мақсаты да баяндалды. Бұл заң жоба «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобасының нормаларын іске асыру мақсатында әзірленді.

Заң жобасымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы және Бюджет кодексіне, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі), сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы», «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңдарға түзетулер енгізіледі. Сонымен бірге «Электр энергетикасы туралы», «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Заң жобасын қабылдау энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы қазақстандық заңнаманы жетілдіруге, әр түрлі мемлекеттік органдар арасындағы міндеттерді нақты бөлісуге, заңнамалық нормалардың тікелей қолданылуын қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.

Баяндамашы Қаныш Төлеушин, сондай-ақ ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау депутаттардың сұрақтарына жауап берді.

Отырыста Аманғос Өтегенов, Виктор Киянский, Дауылбай Құсайынов, Асхат Бекенов, Иван Чиркалин, Шавхат Өтемісов және басқа депутаттар заң жобасына қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Ерболат Әпсәлямов жетекшілік жасайды. Ол келесі аптада заң жобасы жұмыс тобы шеңберінде талқыға салынатынын хабарлады.

Бұл шараны Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті ұйымдастырды.