Заң жобасы ғылымды басқарудың мүлдем жаңа моделін ұсынады - Б. Жұмағұлов
АСТАНА. 24 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Ғылым туралы» заң жобасы ғылымды басқарудың мүлдем жаңа моделін ұсынады.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
Министрдің айтуына қарағанда, құжат бойынша ғылымды басқарудың мүлдем жаңа моделі ұсынылады. «Бұл басты екі құрамдас бөліктен тұрады. Біріншіден, шешім қабылдаудың барлық кезеңіндегі ғалымдар рөлі айрықша көтеріледі. Жаңа жүйе ғылым жүйесінің барлық қатысушыларының функцияларын оңтайландырады және артық бюрократиялық басқаруға жол бермейді», - деді Б. Жұмағұлов.
Оның пайымдауынша, заң жобасы ғылымды басқару жүйесіндегі стратегиялық, әкімшілік және сараптамалық функцияларды нақтылауды қарастырады. Бұл үшін жоғары ғылыми техникалық комиссияның функциялары кеңейтіліп, Ұлттық ғылыми кеңестерге жіті назар аударылады. Олар жетекші қазақстандық және шетелдік ғалымдардан құрылып, жобалар мен бағдарламалардың орындалуы туралы түпкілікті шешім қабылдайтын болады. Бұдан бөлек, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың ұлттық орталығы құрылады. Орталық жобалар мен бағдарламаларды тәуелсіз, кәсіби бағалауды қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, ғылым саласындағы зерттеулерді қаржыландырудың жаңа жүйесі мен базалық қаржыландыру жүйесі енгізілетін болады. Гранттық қаржыландыру шаралары да кеңінен қамтылатыны көзделген. «Бұл жүйені енгізу әлемдік ғылыми кеңістікке ену үдерісін барынша жылдамдатуға мүмкіндік береді. Ғылымды қаржыландыру мен ғалымдарға еңбекақы төлеу мәселесі де заң деңгейінде қарастырылып отыр», - деді Б. Жұмағұлов.