15:54, 04 Наурыз 2009 | GMT +5
Заң жобасы қабылданса, Қазақстанда мерекелік демалыс күндерінің саны 13-ке жетеді
АСТАНА. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «ҚР мерекелер туралы заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданса, Қазақстанда мерекелік демалыс күндері 13-ке жетеді.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында аталған заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Әділет министрі Зағипа Бәлиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР мерекелер туралы заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеу барысында халықаралық тәжірибелер сарапталды. Бүгінгі күні Қазақстанда жыл ішінде 9 мереке күні белгіленген және олар бойынша негізінен 11 күн мерекелік демалыс күні ретінде тойланатын еді. Ал бүгінгі заң жобасы қабылданса республикамызда жыл бойына мерекелік демалыс күндерінің саны 13-ке жетеді. Басқа мемлекеттерді алып қарасақ, Ресейде - 12, Германияда - 13, Италияда - 12, АҚШ?та ? 11, Жапонияда -15, Қытайда ? 14, Үндістанда -18, Бразилияда ? 21, Иранда ? 21, Ұлыбританияда ? 8, Австралия - 10, Өзбекстанда - 9 мерекелік демалыс күн белгіленген», - деді З, Бәлиева.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі «ҚР мерекелер туралы заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдаған болатын. Заң жобасы бойынша Наурыз мейрамын наурыздың 21-23-і аралығында тойлау, Конституция күнін ұлттық мереке ретінде жариялау және Республика күні мәртебесін өзгерту көзделіп отыр.
Парламент Мәжілісі мақұлдаған заң жобасын Сенат қабылдап, Елбасы қол қойса күшіне енеді.