Заң жобасы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйлеріне қатысты мәселені реттеуге бағытталған
АСТАНА. Қарашаның 20-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Үкіметтен Мәжіліске «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы келіп түсті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасы жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернаттық білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілерін әлеуметтік қолдау, осы ұйымдардың түлектерінің қатарынан жасөспірімдер үйлерінде әлеуметтік бейімделуден өтетін адамдардың шеңберін кеңейту мақсатында әзірленді.
«Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері туралы» Қазақстан Заңы 2000 жылы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының және жасөспірімдер үйлерінің құқықтық жағдайын айқындау мақсатында, жетім балалардың және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың отбасында өмір сүру мен тәрбиелену құқықтарын қанағаттандыру, сондай-ақ оларға адамгершілік-рухани тәрбие беруді, еңбекке баулу мен білім беруді жан-жақты қамтамасыз ету үшін қабылданды.
Республикамызда отбасы үлгісіндегі 6 мемлекеттік балалар ауылы мен үш жеке меншік SOS балалар ауылы жұмыс істейді, оларда отбасындағы жағдайға барынша теңестірілген жағдайларда 600-ге жуық жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленуде.
Заңды қолданудың практикалық тәжірибесі көрсеткендей, осы Заңның нормалары жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға отбасылық тәрбие беру, сондай-ақ олардың әлеуметтік бейімделуден өту нысандарын дамытуға жәрдемдеседі.
Сонымен қатар заңға талдау жасау заңдағы терминдер мен ережелерді Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес біріздендіру, сілтеме нормаларды алып тастау арқылы Заң нормаларын нақтылау қажет екенін көрсетті.
Заң Қазақстанның даму басымдықтары және халықаралық стандарттар тұрғысынан өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет етеді.
Мәселен, Польша, Венгрия секілді шет елдердің тәжірибесін ескере отырып, заң жобасында 30 жасқа толмаған деп шектеу қоюды алып тастау бөлігінде тәрбиелеушілер лауазымына адамдарды іріктеу кезіндегі талапты өзгерту және резервтегі тәрбиешілерді әйел адамдар қатарынан ғана емес, ер адамдар қатарынан да іріктеу ұсынылады.
Сондай-ақ жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернаттық білім беру ұйымдарының жанынан дербес мекеме ретінде жасөспірімдер үйлерін ашу мәселесін заңнамалық тұрғыдан реттеу ұсынылады.
Бұл заң жобасы бойынша жұмыс тобын ұру және қорытынды әзірлеу міндеті Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне жүктеледі.