Заң жобасы табиғат байлығын қорғауға бағытталған

АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат - Үкіметтен Мәжіліске «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы келіп түсті.

Заң жобасы табиғат байлығын қорғауға бағытталған

Заң жобасын қабылдау орман шаруашылығын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытуға және жануарлар дүниесін қорғауды, өсімін молайтуды және пайдалануды жақсартуға жәрдемдесетін болады.

Заңсыз аң аулауға, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесуге, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктер түрлерімен заңсыз әрекет жасауға байланысты қылмыстарға неғұрлым тиімді түрде қарсы тұру мақсатында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне түзетулер енгізу ұсынылады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне құқық бұзу құралы болып табылатын көлік құралдарын және құқық бұзушының өзге заттарын міндетті түрде тәркілеу бөлігінде өзгерістер енгізу ұсынылады, мұның өзі заңсыз ағаш кесу мен браконьерлікке неғұрлым тиімді қарсы тұруға жәрдемдесетін болады.

Жер заңнамасына Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекарасының объектілерін салу және күтіп ұстау мақсаттары үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды босалқы жерлерге ауыстыру, Үкіметке орман шаруашылығын жүргізуге байланысы жоқ мақсаттар үшін орман қоры жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру тәртібін белгілеу құзыретін беру жөніндегі нормалар ұсынылады. Шоқ ормандар алып жатқан жер учаскелерін кадастрға бөлу бірліктерін есепке алу және белгілеу мақсатында есептік орамға кадастрлық нөмір беріп, бірдейлендіру құжатын тапсыруды көздейтін норма ұсынылады.

Қазақстан Республикасының Орман кодексіне Орманның аса қауіпті зиянкестері мен ауруларының тізбесін және олармен күресу тәртібін бекіту жөніндегі Үкімет құзыретін белгілейтін норма енгізіледі.

Мемлекеттік орман табиғи резерваттарының жалды ормандарының аумағында заңсыз ағаш кесуді тыю мақсатында мемлекеттік орман табиғи резерваттарын күзет аймақтарының аумағындағы шектеулі шаруашылық қызмет режимін реттейтін нормаларды нақтылау ұсынылады.

Заң жобасында «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жолымен аңшылық шаруашылығын реформалау және заңнамалық нормаларды жетілдіру тәжірибесін ескере отырып, оны орнықты жүргізудің құқықтық жағдайларын құру жоспарлануда.