14:12, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Заң жобасы тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталып отыр
АСТАНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес ҚР Индустрия және сауда министрлігі жаңа редакцияда әзірлеген «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» заң жобасы Мәжілістің қарауына берілді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Заң жобасын қабылдаудың негізгі мақсаты тұтынушылар құқықтарын қорғаудың тиімді және пәрменді жүйесін құру, заңнаманы осы саладағы экономиканың қазіргі заманғы талаптарына және Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіру болып табылады. Заң жобасын қабылдау тұтынушы мен өндірушінің өзара қарым-қатынастарын реттеудің тиімді жүйесін жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жеке және заңды тұлғалардың қазіргі әлеуметтік, коммерциялық және басқа да қатынастарын жолға қоюға және бұл жұмысқа Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарын тартуға мүмкіндік береді. Осы заң жобасын қабылдау тұтынушылардың құқықтарын толыққанды қорғау үшін үлкен мүмкіндіктер жасайды. Заң жобасының жаңа нормалары тұтынушылар мен кәсіпкерлердің мүдделерін біріктіруге қызмет етеді. Үкіметтің түсіндірме жазбасында заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық салдарларға және мемлекеттік бюджеттен қаржылық шығындарға алып келмейтіні атап көрсетілген. Ұсынылған заң жобасы тұтынушылардың құқықтарын қорғау институтын одан әрі дамытуға және мемлекет пен қоғам алдында тұрған міндеттерге тиімді жетуге жәрдемдесетін болады.