Заң жобасы: жүргізушілер айыппұлды тәулік ішінде төлесе, тек 50 пайызын ғана өтеуі ықтимал

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Жол жүрісі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы: жүргізушілер айыппұлды тәулік ішінде төлесе, тек 50 пайызын ғана өтеуі ықтимал

Аталған құжат жол қозғалысын тиімді ұйымдастыруды арттыруға, жол қозғалысы үдерістерін басқарудың мемлекеттік жүйесін жетілдіруге бағытталады. Заң жобасында мүдделі мемлекеттік органдардың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі құзыреті мен міндеттері айқындалады. Бұдан бөлек, заң жобасы аясында елімізде жол қауіпсіздігі аудит институтын енгізу көзделеді. Бұл институт адами фактордан болатын жол апаттарын азайтуға септігін тигізбек.

Аудит институты негізінен дер уақытында өзгерістер енгізу үшін жобалау кезеңінде немесе құрылыстың бастапқы кезеңдерінде жолдың техникалық жобасындағы қауіпсіздік қаупін анықтауға мүмкіндік береді. Ал сараптама барысында ұсынылатын жаңа немесе жаңартылған жол ашылғаннан кейін оны пайдалану деңгейі бағаланады.

«Жалпы заң жобасының мақсаты жол қозғалысымен байланысты барша базалық мәселелерді құқықтық реттеу үшін іргелі заңнамалық негіз қалыптастыру болып табылады. Оның ішінде халықаралық міндеттемелерден туындайтын шаралар да қамтылмақ. Жол қозғалысын қамтамасыз ету барысында мемлекеттік органдардың құзыретін нақты айқындау қарастырылады. Бұдан бөлек, жол қозғалысына қатысушылардың құқықтары мен міндеттері бекітіліп, онда азаматтардың құқығын шектейтін және қорғайтын нормалар қамтылып отыр», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Министрдің айтуынша, құжат бойынша көлік құралдарына, оларға техникалық қызмет көрсету талаптарына қатысты нормалар жеке қарастырылып отыр. «Көлікті басқаруға рұқсат беретін құжат БҰҰ тұжырымдамасының талаптарына сәйкес болады. Яғни, жүргізуші куәліктерінің жаңа түрлері енгізіледі. Онда 7 санат пен 6 санаттың тармақшалары қамтылады», - деді министр.

Бұдан бөлек, айыппұл салуларда да біршама өзгерістер қаралады. Мәселен, айыппұл егер салынған уақытынан бір тәулік ішінде төленсе оның мөлшерінің 50 пайызын ғана өтеу, егер апта ішінде төленсе оның 30 пайызын азайту көзделеді. Мүгедектерге арналған орындарға автокөліктерді тоқтатуға, көлікпен тоқтауға қатысты ережені бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Жүргізушілерді даярлау тәртібін бұзғандарға да жауап қатаяды. «Жол қозғалысы саласындағы ережелерді жүйелі түрде бұзғандарға да жауапкершілік күшейтіледі. Мәселен, бағдаршамның тыйым салынған белгісін үш рет елемей өткендер жүргізуші куәлігінен жарты жылға дейін айырылады. Ал мас күйінде көлікті басқарғандар бірінші рет ұсталса жүргізуші куәлігінен 3 жылға (қазіргі мерзім 2 жыл), екінші рет 7 жылға куәліктен айырылады және 15 тәулік әкімшілік қамауға алынады, үшінші рет ұсталғандар 30 тәулік әкімшілік қамауға алынып, жүргізуші құқығынан 15 жылға дейін айырылады», - дейді ІІМ Қ. Қасымов.