Заң жобасын қабылдау сауда қызметін реттеу процесінде туындайтын қатынастарды реттеудің тиімді жүйесін құруға мүмкіндік береді

Осы мақсатта Үкімет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп, Мәжілістің қарауына берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сауда саясаты, оның ішінде сауда қызметін тиімді реттеу көздеген мақсаттарға қол жеткізу құралы болып табылады. Өйткені әлемнің кез келген елінің экономикалық табысы көп жағдайда сауда секторының дамуымен байланысты болады. Осылайша жаһандануға тек отандық өндірушілер ғана емес, мемлекеттің өзі де дайын болуға тиіс.
Әлемнің кез келген елі сияқты Қазақстанның да өзгермелі ішкі және сыртқы жағдайларға сәйкес келетін және жаһанданудың келеңсіз факторлары мен қатерлерін азайта отырып, одан түсетін пайданы барынша арттыруға мүмкіндік беретін сауда қызметін реттеудің нақты пысықталған өз жүйесі болуға тиіс. Осыған байланысты сауда қызметін реттеуге қатысты заң жобасы әзірленіп отыр.
Заң жобасын әзірлеу қажеттілігі сауда қызметі саласындағы қолданыстағы ұлттық заңнама сауда операцияларын дамытудың ынталандыру немесе қолдау сипатынан гөрі, реттеу сипатына ие екендігінен туындаған.
Заң жобасы бойынша «Тауарлардың импорты жағдайында ішкі рынокты қорғау шаралары туралы» заңға редакциялық сипаттағы түзетулер енгізіледі. Сонымен қатар «Лицензиялау туралы» заңға тарифтік квоталар, сандық шектеулер, бақылау және әкету мен әкелуге арналған айрықша құқық қолданылатын тауарлардың импортына лицензиялауды белгілеу бөлігінде өзгерістер енгізуді көздейді. Сол секілді «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға да толықтырулар қарастырылып отыр.
Елдің сыртқы сауда қызметін дамыту мақсатында қазақстандық тауарлардың, ұсынылатын жұмыстар мен қызметтердің экспортын дамыту және жылжыту жөнінде ереже көзделген.
Экспортты дамыту және жылжыту жөніндегі ұлттық ұйымның құқықтық мәртебесі, мақсаттары мен міндеттері де айқындалған. Ұлттық ұйымның негізгі миссиясы мемлекет пен жеке сектор арасындағы ұйымдастырушылық, үйлестіру және байланыстырушы рөлін орындай отырып, институционалдық қолдау жүйесін құру болып табылады.
Экспортты дамыту және жылжыту жөніндегі ұлттық ұйымның мақсаттары мен міндеттерін Қазақстан Президентінің 2006 және 2007 жылдардағы шикізаттық емес экспортты сервистік қолдау институтын құру қажеттілігі туралы Жолдауларын орындау үшін құрылған «КАZNЕХ» экспортты дамыту және жылжыту корпорациясы» акционерлік қоғамы орындайтын болады.
«КАZNЕХ» тұжырымдамасы Қазақстан Үкіметі жанындағы Индустриялық-инновациялық даму саласындағы мемлекеттік басқару мәселелері жөніндегі мамандандырылған кеңестің 2006 жылы қарашаның 27-сінде өткен отырысында мақұлданды.
Экспортты дамыту және жылжыту жөніндегі мемлекеттік шараларды іске асыру республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап ететіндігін атап өту керек. Республикалық бюджет комиссиясының 2009 жылғы маусымның 17-сіндегі хаттамасына сәйкес осы іс-шараларды өткізуге 300 млн теңге мөлшеріндегі қаржы бөлу мәселесі мақұлданды.
Заң жобасымен сауда қызметінің субъектілеріне, тауарларға, жабдықтарға, сауда объектілерін ұстауға қойылатын талаптарды белгілеу мен сауда нүктелерін жүйелендірудің, сондай-ақ олардың қызметтерін регламенттеу мен реттеудің қажеттілігіне байланысты сауда қызметін ұйымдастыру бөлігінде толықтырулар енгізіледі.
Осылайша заң жобасын қабылдау сауда қызметін реттеу процесінде туындайтын қатынастарды реттеудің тиімді жүйесін құруға мүмкіндік береді. Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқтырмайды.
Бұл заң жобасы бойынша Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті жұмыс тобын құрады және қорытынды әзірлейтін болады.