Заң жобасында баспанаға мұқтаж жетім балаларға жас шектеуі алып тасталынады

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасының орынбасары Николай Тихонюк мәлім етті.
Жаңа жобада жетім балаларды баспанамен қамту ерекше назарға алынады. Мәселен, бұрынғы заңда жетім балаларға баспана беру 18 жасқа толғанға дейін ғана қаралатын. Былтырғы жылы заңға енгізілген өзгерістер барысында бұл 23 жасқа дейін ұзартылған еді. «Жаңа заң жобасында тұрғын үйге мұқтаж деп танылып, есепке алынған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар баспанаға ие болғанша есептен шығарылмайды. Яғни, ондай жандар кезекке тұрды ма, әкімдік оларды үймен қамтамасыз етуге міндетті. Біз осындай норманы ұсынып отырмыз», - деді Н. Тихонюк.
Сонымен бірге, заң жобасында әлеуметтік осал топтарды да баспанамен қамту ережесі де өзгеріске ұшыраған. Мәселен, қолданыстағы заңға сәйкес, баспана мұқтаждығы үшін кезекке тұрғысы келетін азаматтардың отбасылық жиынтық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы шарт еді. Яғни, әлеуметтік осал деп танылып, баспана кезегіне есепке алу үшін отбасының табысы 14 мың 652 теңгеден төмен болуы керек. «Бүгінгі күні әлеуметтік аз қорғалған топтардың басым бөлігінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен асып кетеді. Сондықтан, баспанаға қатысты кезекке тұрған уақытта халықтың әлеуметтік осал топтарының табысының шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен 3,1 есеге арттырылып белгіленді. Яғни, ондай санаттағы азаматтың жиынтық табысы 48 мың теңгеге жетпейтін болуы керек деген сөз», - деді агенттік өкілі.