Заң жобасында Н. Назарбаевтың өмір бойғы президенттігі туралы норма ұсынылған жоқ - Ә. Жолшыбеков
АСТАНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑Елбасы мәртебесін заңнамалық деңгейде нақтылауға бағытталған заң жобасында Н. Назарбаевтың өмір бойғы президенттігі туралы норманы ұсынған жоқпыз.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Президентінің мәртебесін нақтылауға қатысты заң жобасына бастамашылық жасаған депутат Әмзебек Жолшыбеков журналистерге берген сұхбатында осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қолданыстағы сайлау заңнамасында азаматтардың ел президенті болып қатарынан екі мәртеден артық сайлана алмайтындығы анықталған. Дегенмен, бұл норманың Тұңғыш Президентке қатысы болмайтындығы да көрсетілген. Сондықтан да, Елбасын өмір бойғы президенттікке ұсынып отыр деушілер қателеседі, біздің енгізген жобамызда бұл мәселе қамтылған жоқ. Яғни, біз ұсынған нормада Президенттік мерзіміне қатысты еш мәселе қамтылмаған», деді Ә. Жолшыбеков.
Дегенмен, депутат Ә. Жолшыбеков жобамен жұмыс барысында «өмір бойғы президент» нормасын ұсынуға кез-келген депутаттың құқы бар екендігін де еске салды.