Заң жобасында жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау мақсаты көзделген - Мәжіліс
АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат - Ертең, 16 ақпанда Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтеді, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.
Бұл шараны Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті ұйымдастырып отыр. Заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің хатшысы Шавхат Өтемісов жетекшілік жасайды.
Заң жобасы жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды дамытуға, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы жобаларды іске асыру кезінде әлеуетті инвесторларды қолдауға, ашықтықты және айқындықты ұлғайтуға, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы жобаларды кедергісіз іске асыруға бағытталған.
Заң жобасын қабылдау жаңартылатын энергия көздерін пайдалану есебінен жаңа электр қуаттарын іске қосылуын қамтамасыз етеді.
Заң жобасын қабылдауда болжанған әлеуметтік салдарлар жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, экологиялық жағынан таза энергияны өндіруді дамытуда көрініс табады және нәтижесінде халықтың өмір сүру сапасын арттыруды, Киот хаттамасы шеңберінде қабылдаған міндеттемелерге сәйкес Қазақстан 2020 жылға дейін атмосфераға парник газдарының шығарым көлемін 15 пайызға қысқартуды ескере отырып, жоспарлауда.
Болжанған құқықтық салдарлар жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдаудың құқықтық тетіктерін құруды көрсетеді.
Отырыста заң жобасының мақсаты жөнінде ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Бақытжан Жақсалиев баяндама жасайды деп күтілуде.