Заң жобасында жеткіншектердің түнгі уақытта ойын-сауық мекемелеріне баруына шектеу енгізіліп отыр
АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспанәлиев/ - Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балалардың қадағалаусыз қалуының алдын алу және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Аталмыш құжат Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларынан туатын талаптарды іске асыру жөніндегі жалпы ұлттық жоспардың негізгі бағыттарын және Үкіметтің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын орындау мақсатында әзірленді. Заң жобасында балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шаралар кешені енгізілген. Құжатта кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз жеткіншектердің түнгі уақытта ойын-сауық мекемелеріне баруына шектеу енгізіледі. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде болу тәртібінің бұзылуына жол берген адамдарға жауапкершілік белгіленген. «Заң күшіне енетін болса, кәмелетке толмағандарды құқық бұзу әрекеттеріне тартқан адамдармен жеке алдан алу шаралары жүргізілетін болады», - деді депутат Жұмабек Төрегелдинов.