Заң жобасының мақсаты - өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің түбегейлі жаңа жүйесін қалыптастыру

АСТАНА. Қазанның 17-сі. ҚазАқпарат  /Айдын Бәймен/ - Қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер енгізбей, көрсетілген мәселелерді шешу мүмкін емес. Осындай тұжырым жасаған Үкімет «Өрт қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құру бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп, Мәжілістің қарауына берді,

Заң жобасының мақсаты - өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің түбегейлі жаңа жүйесін қалыптастыру

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл заң жобасы Үкіметтің 2008 жылғы қыркүйектің 18-індегі қаулысымен мақұлданған Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігі саласындағы қауіп-қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құру тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде әзірленген.

Экономикалық дамудың нарықтық моделіне көшу, мемлекеттік басқару жүйесінің түбегейлі реформасы өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау жүйесінің рөлі мен орнын өзгертуді қажет етеді. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің түбегейлі жаңа жүйесін қалыптастыру, мемлекеттік өрт бақылауы жүйесін өскелең уақыт талабымен сәйкестендіру қажеттілігі туындап отыр.

Өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалауға тапсырыс берушілер, оның ішінде жобалау ұйымдары, белгіленген тәртіппен аккредиттелген тәуелсіз сараптама ұйымдары, сондай-ақ мемлекеттік өрт бақылауы органдары жүйеге қатысушылар болып табылады.

Халықты, заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің мүлкін олардың қауіпсіздігінің жай-күйін бағалау саласына мемлекеттік бақылау органдарымен қатар тәуелсіз сараптама ұйымдарын қосу жолымен қорғау деңгейін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік өрт бақылауы органдары жүзеге асыратын тексерістер санын қысқарту есебінен, сондай-ақ бақылау қызметінің нысандары мен әдістерін өзгерту есебінен қорғау объектілеріне әкімшілік жүктемені азайту заң жобасын қабылдаудың мақсаттары болып табылады.

Заң жобасын қабылдау нәтижесінде мемлекеттік өрт бақылауы адамдар жаппай жиналатын тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде, сондай-ақ мемлекеттік меншіктегі объектілерде міндетті түрде сақталады.

Бұл заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу міндеті Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетіне жүктелетін болды.