Заң жобасының мақсаты - үкіметтік емес ұйымдарды мемлекет тарапынан қолдау жүйесін одан әрі жетілдіру
АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте үкіметтік емес ұйымдарды мемлекет тарапынан қолдау жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатын көздейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті.
Сонымен қатар заң жобасының мақсаты - мемлекеттік тапсырысты іске асыруға бөлінетін бюджет қаражатын тиімді игеруге қоғамдық қатынастар субъектілерінің жауапкершілігін арттыру, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бөлуде мемлекеттік саясаттың басымдықтары мен республикадағы және жекелеген өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық даму қажеттіліктерін ескеру болып табылады.
Отырыста Заң жобасының мақсаты жөнінде ҚР Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева баяндама жасады.
«Баршаңызға аян, Мемлекет басшысы биылғы жылғы өз Жолдауында үкіметтік емес ұйымдардың қызмет етуіне қолайлы жағдайлар жасау, қоғамды демократияландырудың маңызды шарты деп ерекше атап өткен болатын. Бұл міндет, әсіресе, Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырған тұсында өзекті болып отыр. Осы заң жобасы аясында білікті сарапшылардан тұратын ауқымды топ белсенді түрде жұмыс жүргізді. Сарапшылар тобының құрамына 100-ден астам үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, Мәжіліс депутаттары, әр түрлі мемлекеттік органдардың өкілдері енген болатын. Барлық Үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдеріне заң жобасының электрондық нұсқасын тарату шаралары ұйымдастырылды. Осы заң жобасы арқылы «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс» және «Мемлекеттік сатып алу туралы» қолданыстағы заңдарға 12 түзету енгізу ұсынылып отыр. Бұл ұсынынылып отырған өзгерістер мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты үлестіру үрдісін жетілдіруге және оның ашықтығы мен айқындығын арттыруға бағытталған»,- деді Жанна Құрманғалиева.
Баяндамашыға бірқатар депутаттар сұрақтар қойып, өз пікірлерін айтты. Бүгінгі отырысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары және заң жобасын әзірлеушілер - Қазақстан Республикасының Мәдениет және өзге де министрліктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Отырысты қорытындылаған Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаева: «бүгінгі заң жобасының тұсаукесерінде біраз мәселелерді анықтап өз ойларымызды ортаға салып, пікір алыстық. Заң жобасына, оны әзірлеушілерге ескертулер мен жақсы тілектер де болды. Олардың бәрі жұмыс тобының отырыстарында қаралатын болады. Заң жобасы бойынша біздің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің қаулысымен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының құрамында Мәжілістің барлық комитеттерінің өкілдері-депутаттар, заң жобаларын әзірлеушілер, министрліктердің және «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдері бар. Жұмыс тобының жетекшісі болып депутат Гүлнар Сейітмағанбетова тағайындалды»,- деді.
Енді заң жобасы жұмыс тобының отырыстарында талқыға түсетін болады.