Заң жобасының нормалары еңбек заңнамасын жетілдіруге бағытталған

АСТАНА. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат - Үкіметтен Мәжіліске «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы келіп түсті,

Заң жобасының нормалары еңбек заңнамасын жетілдіруге бағытталған

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Президентінің 2009 жылғы тамыздың 24-індегі Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында атап көрсетілгеніндей, нарықтық экономика жағдайында, еңбек нарығы мен халықты жұмыспен қамту проблемаларының болу жағдайында еңбектегі құқықтық қатынастар мәселесі өзекті мәселе болып табылады. Осыған орай, еңбек заңнамасының қолданылу практикасына жүйелі талдау жасау және осы саладағы халықаралық тәжірибені ескере отырып, оны ұдайы жетілдіріп отыру қажет.

Заң жобасының негізгі міндеті қоғамдық келісімді және экономикалық дамуды қамтамасыз етуге, лайықты еңбекке заң жүзінде қолдау көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған демократиялық, құқықтық және әлеуметтік механизмдерді одан әрі дамыту мақсатында еңбек қатынастарын құқықтық реттеуді жетілдіру болып табылады. Заң жобасы қоғам мүшелерінің экономикалық белсенділігін ынталандыруға, жұмыскерлерге, берілетін экономикалық және әлеуметтік кепілдіктерді арттыру және олардың еңбек жағдайларын жақсарту арқылы еңбек өнімділігі мен өндіріс тиімділігін, жалпы экономиканың үдемелі дамуын арттыруға бағытталған.

Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) сарапшыларының ұсыныстарын ескере отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды күшейту мақсатында өндіріс қызметін жүзеге асыратын ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі комитеттер (комиссиялар) құру ұсынылады.

Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, еңбек саласы мен білім беру саласының арасында тиімді механизм құру мақсатында заң жобасында кәсіптік стандарт - ұлттық біліктілік жүйесін құрудың негізі қаланады.

Еңбек қатынастары тараптарының теңгерімін қамтамасыз ету мақсатында заң жобасы жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің республикалық бірлестіктерімен бірлесе отырып әзірленді.

Заң жобасының нормалары еңбек заңнамасын жетілдіруге бағытталған. Заң жобасында жұмыскерлердің еңбек құқықтарының бұзылуының алдын алатын ережелерді күшейту, Еңбек кодексінің тәжірибеде әр түрлі түсіндірілетін нормаларын жетілдіру, кереғар нормаларды алып тастау ұсынылады.