Заңбұзушылықтарға жол берген «Хайвил Қазақстан» ЖШС-ға 4 млн. теңге айыппұл салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының «Алматы» ауданы прокуратурасымен жұмысшылардың арыздануы бойынша «Хайвил Қазақстан» ЖШС-нде еңбек заңнамасының сақталу жағдайына байланысты тексеріс жүргізілді.

Заңбұзушылықтарға жол берген «Хайвил Қазақстан» ЖШС-ға 4 млн. теңге айыппұл салынды

Бұл туралы «Алматы» ауданы прокурорының аға көмекшісі Лимара Жоламанова хабарлады.

Тексеріс барысында Серіктестіктің, сондай-ақ жұмыс берушілердің тарапынан қызметкерлердің құқықтарын өрескел түрде бұзу фактілері анықталды.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 22-бабының 1-бөлімінің 15-тармағына сәйкес, жұмысшы бірдей еңбегі үшін қандай да болмасын кемсітусіз бірдей ақы алуға құқылы.

Сонымен қатар, азаматтардың бірдей еңбегі үшін қандай да болмасын кемсітусіз бірдей ақы алуға құқығы Қазақстан Республикасының Конституциясының 24-бабының 2-бөлігінде және Адам құқықтарының жалпы декларациясының 23-бабында бекітілген.

Конституцияның нормаларын өрескел бұзу және жұмыс берушілердің тарапынан отандық жұмысшыларды кемсітушілік болып отырғандығына қарамастан, лауазымдарының және еңбек көлемінің теңдей жағдайында қазақстандық жұмысшылардың жалақысы шетелдік мамандардың жалақысынан едәуір төмен болып отыр.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 14-бабымен тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтындығы бекітілген.

Сондай-ақ, тексеріс барысында жұмыс берушімен өтемақы және еңбек демалыс ақысын төлеудің Кодекстің 105-бабымен бекітілген мерзімдері жүйелі түрде бұзылатындығы анықталды.

Жоғарыда аталған заңбұзушылықтарға қоса, Шетелдік еңбек күшін тарту үшін жұмыс берушілерге рұқсат берудің ережелері мен шарттары және міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнаманы бұзудың фактілері анықталды.

Тексеріс нәтижесі бойынша Серіктестікке және оның жетекшілеріне 4 млн. теңге мөлшеріндегі әкімшілік айыппұл салынды, шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатнама кері алынды және жұмыс берушіге жұмысшылардың құқықтарын кемсітушілікті және жергілікті және шетелдік мамандардың арасында жалақыны үлестіруде заңдылықты бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізілді.