Заңдағы өзгерістер колледждердің өндірістік әлеуетін арттыруға жол ашты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда мемлекеттік колледждердің оқу-өндірістік қызметін дамытуға мүмкіндік кеңейді. Заңға енгізілген өзгерістердің арқасында енді олар өндірістік бағыттарын кеңейту үшін қосымша келісім алуға міндетті емес. Бұл студенттердің тәжірибелік даярлығын күшейтіп, колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға ықпал етеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті.
Тиісті өзгерістер «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы аясында Кәсіпкерлік кодекске енгізілді. Бұған дейін колледждер оқу-өндірістік процесс шеңберінде өндірілген өнімді өткізе алғанымен, мемлекеттік колледждер қызмет түрлерін кеңейту немесе өзгерту кезінде бәсекелестікті қорғау саласындағы уәкілетті органның келісімін алуға міндетті болатын. Енді бұл әкімшілік кедергілер жойылды.
— Жаңа мүмкіндіктер колледждерге оқу-өндірістік шеберханалардың әлеуетін тиімді пайдалануға, нақты тапсырыстарды орындауға және өндірістік бағыттарын дамытуға жол ашады. Студенттер оқу барысында нан өнімдерін, тоқыма бұйымдарын, жиһаз және басқа да өнімдерді дайындауға қатысып, болашақ мамандығын нақты өндірістік ортада меңгере алады, делінген хабарламада.
Мұндай қызметтен түсетін кірістер колледждердің жабдықтарын жаңартуға, оқу-өндірістік шеберханаларды жаңғыртуға және материалдық-техникалық базаны нығайтуға бағытталады.
Қазіргі таңда еліміздегі 37 колледждің базасында 66 шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің аумақтық департаменттерімен бірлесіп, 51 колледж үшін 38 бағыт бойынша қосымша қызмет түрлерін іске қосу мәселесі қарастырылуда.
Қабылданған өзгерістер студенттердің практикалық даярлығының сапасын арттырып, нақты өндірістік тәжірибесі бар және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауға қолайлы жағдай жасайды.
Айта кетейік, бұған дейін колледждерде сұранысқа ие мамандықтарға басымдық берілетінін жаздық.