Заңдағы жаңа нормалар кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосады – сарапшы

заң
Фото: ҚСЗИ баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Күнделікті құқық қорғау органдарына тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактілері бойынша 300-ге жуық арыз келіп түседі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Дулат Өтеғали айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған заңға қол қойды. Бұл құжат негізінде 15 заңнамалық актіге, оның ішінде жеті кодекс пен сегіз заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көріністері үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Қазіргі кезде қазақстандық қоғамда отбасындағы әрі тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі өзекті екені айқын. Бас прокуратураның мәліметінше, елімізде жыл сайын абьюзерлердің қолынан кемінде 80 әйел қаза табады, күнделікті құқық қорғау органдарына тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактілері бойынша 300-ге жуық арыз келіп түседі», - деді Д.Өтеғали.

Оның айтуынша, 2023 жылы құқық қорғау органдарына тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты 100 мың шағым түскен. БАҚ пен әлеуметтік желілерде де күнделікті осы проблемаға қатысты түрлі жағдайлар мен құқық бұзу деректері туралы ақпарат тарап жатады.

«Оған қоса, аталған заңды Сенатта талқылау кезінде 154 мыңнан астам қазақстандық отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту жөніндегі онлайн петицияға қол қойды. Бұл өз кезегінде қоғамда аталған мәселеге қатысты ерекше назар аударылып отырғанын байқатты. Сол себептен, заңда көрсетілген өзгерістер қоғамда зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ адам құқықтары бірінші орында екенін дәріптеу аясында қоғамдағы қатынастардың жаңа заманауи моделін қалыптастыруға әсерін тигізуі тиіс. Сонымен бірге, маңызы жоғары отбасы институтын нығайтуға және кәмелет жасқа толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлесін қосуы қажет», - деді сарапшы.

Айта кетейік, Президент әйел құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдарға қол қойды. 

Соңғы жаңалықтар