Заңдардың қазақша нұсқасы түсініксіз болса, кері қайтарамыз – Әділет министрі

заң
Фото: freepik.com

Әділет министрі Азамат Есқараев заңдардың мемлекеттік тілдегі мазмұнына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Заңдарды Әділет министрлігінде тіркеген кезде мемлекеттік нұсқасына сараптама жасайсыздар ма? Өйткені қазақша заңның түсініксіз екені туралы шағым көп. Егер заңның мемлекеттік тілдегі нұсқасы түсініксіз, сапасыз болса, кері қайтара аласыздар ма?», – деп сұрады журналист ведомствоның брифингісінде.

Азамат Есқараевтың айтуынша, министрлікте ондай құзырет бар.

«Қолданыстағы заңнама бойынша әр мәтінде, әр тілде жазылған текст халыққа түсінікті, қолдануға жеңіл болуы керек деген талап көзделген. Егер мемлекеттік тілде олқылықтар болса, тиісті мамандар мен сарапшылар сол олқылықтарды анықтаса, ондай заң жобасын тіркеуден бас тартамыз. Яғни, оны бастамашы болған органға қайтарамыз», – деді ол.

Ведомство басшысы мемлекеттік тілдегі нұсқасының сапасыз болуына байланысты кері қайтарылған заңдардың статистикасы жүргізілмейтінін айтты.

«Заң жобалары тек бір тілдегі мазмұны бойынша ғана емес,заңнамадағы өзге талаптарға сәйкестігі бойынша сарапталады. Сондықтан нақты мемлекеттік тілдегі мазмұны бойынша статистика жүргізбейміз», – деді Азамат Есқараев.

Сондай-ақ ол Конституцияның қазақ тіліндегі нұсқасы заң тіліне сай деп есептейтінін айтты.

Соңғы жаңалықтар