Заңдастырылған шетелдік көліктің 66 пайызы Ресейден әкелінген

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев 23 қаңтар мен 30 маусым аралығында заңдастырылған шетелдік көліктің 66 пайызы Ресейден әкелінгенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заңдастырылған шетелдік көліктің 66 пайызы Ресейден әкелінген

«Ішкі істер министрлігі елімізге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруға өтінімдер қабылдады. Өтінімдерді уақытылы берген, алайда автокөліктерін заңдастырып үлгермеген Қазақстан азаматтарына белгіленген мерзімнен кейін заңдастыруға мүмкіндік беріліп отыр.

ІІМ заңдастыру кезінде Жолдауда белгіленген талаптарды басшылыққа алғанын атап өткім келеді», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның айтуынша, заңдастыруға:

-2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген автокөліктер;

- қылмыстық іздеуде болмаған автокөліктер;

- кедендік тазартудан өткен автокөліктер жатады.

«Соның нәтижесінде 206 мыңға жуық шетелдік автокөлік қазақстандық есепке қойылды.

Заңдастырылған автокөліктердің басым көпшілігі Кеден одағының құрамындағы үш елге тиесілі. Ресейден 136 мыңнан астам, Армениядан 37 мыңнан астам автокөлік, Қырғызстаннан 22 мыңнан астам автокөлік заңдастырылды.

Өңірлер арасында заңдастырылған автокөліктердің ең көп саны былай болды:

Алматы қаласында – 26 115, Ақтөбе облысында – 20 876, Шымкент қаласында – 15 145, Батыс Қазақстан облысында 14 204, Атырауда 14 197, Қызылорда облысында – 13 695 авткөлік», - деді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы.