«Заңды аздап қана бұзды» деген бап бар ма?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Шілденің 10-ы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда шілденің 10-ы, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қостанай облысындағы сапарын Ресеймен шекарадағы "Қайрақ" кеден бекетінен бастады. Онда Үкімет басшысы Кеден одағы шеңберіндегі кеден, шекара және салық қызметтерінің жұмысымен жақынырақ танысты», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Мұнан кейін Кәрім Мәсімов облыс орталығындағы "Қостанай су" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына барып, қаланы ауызсумен қамтамасыз етудің жай-жапсарын көрді. Осыдан Премьер-Министр Арқалық қаласында болып, онда «Қайрат» спорт кешеніне, Ы.Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогика институтына барды. Содан кейін Торғай боксит кен басқармасының өндіріс аймағын аралаған. Үкімет басшысының солтүстік өңірдегі сапары жайында басылымның бүгінгі нөміріндегі «Шешімін күткен мәселелер аз емес» атты мақаладан егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

Осы басылымда Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалиннің «Тәуекелмен сабырға суарылған» деген тақырыппен көлемді мақаласы жарық көрді. «Нұрсұлтан Назарбаев - қос ғасыр тоғысында қазақ дейтін халықтың, Қазақстан дейтін мемлекеттің атағы мен абыройын әлемге кең жайған, дәуір жүгін арқалаған сол еуразиялық тұғырлы тұлғалардың жаңа замандағы жаңа тұрпатты жалғасы, әр заман, әр дәуірлерде өткен алаш ұранды, арқар мүйізді қазақтың басын қосып, тәуелсіз мемлекет болуды көксеген арыстарымыз бен алыптарымыздың аманат-арманын жүзеге асырған ұлт көсемі», деп жазады жарияланым авторы. Мақаланың толық нұсқасын оқығыңыз келсе басылымның сенбілік санына назар салыңыз.

Кеше Жоғарғы Сот Төрағасы Мұсабек Әлімбековтің төрағалық етуімен республика соттарының 2010 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмысының қорытындылары бойынша Жоғарғы Сот судьяларының кеңейтілген кеңесі болып өтті. «Республика соттарының 2010 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмысының қорытындылары бойынша Жоғарғы Сот судьяларының кеңейтілген кеңесіне шақырылған облыстық және оған теңестірілген сот төрағаларына алдымен семинар сабақтары жүргізілді. Онда үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында апелляциялық тәртіппен қылмыстық істерді қарау бойынша Жоғарғы Соттың сот практикасы, қадағалау тәртібіндегі өтініштер мен істерді қараудың кейбір мәселелері айтылды», деп жазады басылым.

***

«Алаш айнасы» газетінің сенбілік санында «Заңды аздап қана бұзды» деген бап бар ма?» атты мақала жарияланған. Мақалада еліміздегі құқықтық реформаны өзгерту кезек күттірмес шаруа екені айтыла келіп, Жоғарғы соттың Қылмыстық істерді бақылау алқасының төрағасы Ақылтай Қасымовтың «Еліміздің кейбір облыстарындағы судьялар қылмыстық немесе әкімшілік заң бұзу әрекеттерімен байланысты жағдайды дұрыс бағалай білсе, ендігі бір аймақтарда олар шектен тыс жұмсақтық танытып жатады», - деген сөзін мысалға келітереді. Оның айтуынша, Қазақстандағы кейбір облыстық соттардың судьялары аталмыш жағдайды өздерінің жұмыстарының шектен тыс ауқымдылығымен, кей жағдайда «заңды аздап қана бұзды» деген себеппен ақтап алғылары келеді. «Біз бұндай пікірмен келіспейміз. Себебі, мейлі аз деңгейде болса да, әрбір бұзылған құқық - бұл азаматтардың құқықтары. Сондықтан бұндай құқықты бұзған азамат міндетті түрде жауапқа тартылуы тиіс. Әрине, сот өкілдерінің әкімшілік немесе қылмыстық істерге қатысты тым жұмсақ шешім қабылдауы - жаппай орын алып отырған әрекет емес. Дегенмен мұндай жағдайлар ара-тұра кездесіп қалады. Әзірге мұндай жағдай біз тексеру жүргізген аймақтардың ішінде Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында байқалды», - дейді Жоғарғы сот өкілі.

Сондай-ақ осы басылымның 5-ші бетінде «Қазақ жерінің хикметтері» айдарымен «Ғаламаты көп қасиетті Ғайыперен қырық шілтен» деген мақала берілген. Автор «Құдайдың құдіреттілігі болар, шынында да, алақандай жерден неше түрлі бейнелердің тас мүсінін көруге болады. Адам ата мен Хауа ананың, ұшқан құс пен жүгірген аңдардың бейнесі бір Алланың құдіреттілігімен жоқтан бар болған, ғайыптан пайда болған дейді. Ғайыперен - осы тұрған күш-құдірет, ал қырық шілтен - көзге көрінбейтін қырық бір ата» деп суреттей келіп, Ғайыперен қырық шілтен әулиенің кереметтілігін жан-жақты аша білген.

***

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - «Астана» экш-фильмдер кинофестивалінің президенті, кинорежиссер, продюсер Тимур Бекмамбетов. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген Т.Бекмамбетовтің сұхбаты «Оскар» сыйлығын алу мақсатым емес» деген тақырыппен жарияланған.

«Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев жақсы бастама көтерді. Оның айтуынша, 2011 жылдан бастап Қазақстанның аймақтарында балалар кардиоорталықтары құрыла бастайды. «Бүгінде кардиология жұмысы жақсы жолға қойылды, ендігі күн тәртібіне - балалар кардиологиясын дамытуды қою керек» деген министр жаңа орталықтардың облыстық ауруханалар жанынан ашылатынын жеткізді», деп жазады «Айқын» газеті. Мақалада айтылған жайттың егжей-тегжейін басылымның сенбілік нөміріндегі «Балалар кардиоорталықтары құрылады» деген тақырыптан оқи аласыздар.

***

«Астана ақшамы» газетінің жазуынша, шілденің 5-інде Елбасының қатысуымен салтанатты түрде ашылған «Хан шатыр» ойын-сауық кешеніне елордалықтар мен қала қонақтары көптеп келуде. Басылымның атап өтуінше, шілденің 6-сы күнінде ғана аталған орталықты 140 мың адам тамашалаған.

***

Мемлекет басшысының атына хат-хабарлар келіп түсуде. Өздерінің хаттары мен жеделхаттарында Қазақстан Республикасының ресми адамдары, азаматтар мен ұйымдар мерейжаспен және Елорда күнімен шынайы құттықтауларын жеткізген. «Президент поштасына құттықтаулар Астанадан Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші шақырылымының депутаттары - Рысты Жұмабековадан, Лилия Мусинадан, Роза Қуанышбаевадан келді», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Сондай-ақ Астана қаласынан "Вайнах" этномәдени орталығы АҚ-тың мүшелері: "Біз, елордадағы чешендер мен ингуштер Сіздің ұлттық саясатыңызды қызу қолдаймыз. Өйткені, біз үшін Қазақстан жаппай қуғын-сүргін жылдарында, шын мәнінде тек пана болып қана қойған жоқ, біз үшін және біздің ұрпағымыз үшін Отанымызға айналды", - деп жазады.

Белгілі қазақстандықтардың Президентті шын жүректен құттықтап, игі тілектерін білдірген хаттары «Егемен Қазақстан» газетінде де «Ер мерейі - ел мерей» деген тақырып аясына топтастырылып берілген.

Соңғы жаңалықтар