Заңды білсең – зардап шекпейсің: Полицейлердің теріс іс-әрекетіне қайда шағымдануға болады
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өз құқығын білген адам әрдайым сенімді жүреді. Әрбір азамат ненің заңды, ненің заңсыз екенінен хабардар болуы қажет. Себебі заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. ҚазАқпарат тілшісі Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Шаяхметовпен көптің көкейінде жүрген бірқатар мәселелерге байланысты сұхбаттасқан болатын.
– Өңірімізде малдың жолға шығып кетуі салдарынан жол-көлік оқиғалары аз тіркеліп жатқан жоқ. Әсіресе түнгі уақытта бей-берекет жайылған төрт түлік жүргізушілерге қауіп төндіреді. Осы ретте, мұндай оқиғалардың алдын алу үшін полицейлер қандай жұмыстар атқаруда? Заң бойынша малды қараусыз жіберген мал иелеріне қандай жаза қарастырылған? Сондай-ақ қазіргі уақытта ауылды жерлерде мал ұрлығы өршіп тұр. Осыған байланысты қандай шаралар қолға алынуда?
– Былтыр облыс бойынша мал ұрлығы 12,8%-ға төмендеген. Көп жағдайда мал ұрлығының негізгі себебі – төрт түліктің қараусыз жайылуы. Мәселен 2020 жылдың басынан бері мал ұрлығының жалпы санынан тек еркін жайылымнан 191 ұрлық жасалған. Сонымен қатар жол бойында иесіз малдың жайылуы жол-көлік оқиғаларының бірден-бір себебі. Тек мал иелерінің салғырттығынан өткен жылы 9 жол-көлік оқиғасы болды, 1 адам қаза тауып, 17 адам жарақат алған.
Жұмысты тиісті ұйымдастыру мақсатында 2020 жылдың 30 желтоқсанында ПД бастығының №444 бұйрығымен мүлікті қорғау бағдарламасы бекітілген. Облыс әкімдігімен келісілген іс-шаралар жоспары да әзірленді. Бағдарлама аясында прокуратура, қылмыстық атқару жүйесі, ветеринарлық бақылау, денсаулық сақтау және білім беру өкілдері тарапынан бірлескен жұмыс тобы құрылды. Жасалған мал ұрлықтары, сондай-ақ қылмыс жасау әдісі, тәсілі, уақыты бойынша талдау тұрақты негізде жүргізіледі. Бейнекамераларды орнату орындарын белгілеу және патрульдік жасақтардың маршруттарын, бекеттерді қайта орналастырумен қосымша іс-шаралар әзірленеді. Бұдан бөлек жергілікті жедел алдын алу шаралары жүргізіледі. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысы бойынша тұрақты негізде «Мал ұрлығы» шарасы өткізіледі. Былтырғы жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында мал ұрлығын жасағаны үшін облысымыздың 122 тұрғыны ұсталып, 129 мал ұрлау фактісі ашылды. жоғалған 342 бас мал табылып, иелеріне қайтарылған.
Жергілікті атқарушы органдармен және сауда объектілерінің (базарлар, сауда орталықтары) әкімшіліктерімен өзара іс-қимыл жасап, ұрланған мүлікті сатып алу және өткізу фактілеріне жол бермеу мақсатында жұмыс жүргізілуде. 2020 жыл бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабына сәйкес 499 заңбұзушылық анықталып, аталған заңның 408-бабы бойынша 3588 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ұрлықтың алдын алу мақсатында иесіз мал үшін тұрақтар құру бойынша жұмыс жалғасуда. Қазіргі уақытта 262 тұрақ ұйымдастырылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша осы айып тұрақтарына 18 651 бас мал қамалды. Сонымен қатар малдың ұрлануына және жоғалуына жол бермеу үшін атқарушы органдармен бірлесіп, ауылды жерлерде тұрақты негізде тұрғындар жиыны өткізіледі. Осы жиындарда мал ұрлығының алдын алу, ұжымдық жайылымды ұйымдастыру, қораларды бекіту, төрт түлікке уақтылы ен салу және оларды таңбалау мәселелері қаралады.
– «102» нөміріне қоңырау шалған азамат полицейлерді шақырған жағдайда тәртіп сақшыларының сол жерге бармауға құқылы ма?
– Құқылы емес. Заң бойынша «102» жедел арнасына түскен әрбір ақпарат тәртіп сақшыларымен текерілуі қажет.
– Полиция қызметкерінің теріс іс-әрекетіне қайда шағымдануға болады?
– Тәртіп сақшыларының теріс іс-әрекеттеріне куә болсаңыз, облыстық Полиция департаменті бастығының атына шағымдана аласыз. Департамент мекенжайы: Өскемен қаласы, Шәкәрім даңғылы, 1. Сенім телефоны: 8(7232) 23-43-32.
– Полицейлер азаматтарды белгілі бір себептермен қанша уақытқа ұстай алады?
– ҚР ҚПК-нің 131-бабына сәйкес қандай да бір қылмысқа қатысты күдікті ретінде полиция бөлімшесіне жеткізілген азамат – қырық сегіз сағаттан аспайтын мерзімге, ал кәмелеттік жасқа толмаған болса – жиырма төрт сағатқа ұсталуы мүмкін. Сонымен қатар 6 жағдайды қоспағанда жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға жол беріледі. Атап айтсақ:
1) аса ауыр қылмыс жасады деген күдік бойынша ұсталған жағдайда;
2) террористік немесе экстремистік қылмыс жасады деген күдік бойынша ұсталған жағдайда;
3) жаппай тәртіпсіздіктер барысында қылмыс жасады деген күдік бойынша ұсталған жағдайда;
4) қылмыстық топ құрамында қылмыс жасады деген күдік бойынша ұсталған жағдайда;
5) есірткінің, прекурсорлардың, психотроптық және сол тектес заттардың заңсыз айналымына байланысты, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар, сондай-ақ адам өліміне әкеп соққан қасақана қылмыс жасады деген күдік бойынша ұсталған жағдайларда;
6) Төтенше жағдай кезінде күдіктіні істі тергейтін судьяға уақтылы жеткізу мүмкін болмаған жағдайларда жол беріледі.
– Мәселен, төбелес кезінде балта, күрек, бейсбол битасы қолданылды дейік. Аталған заттар суық қаруға жата ма? Егер солай болса, оны пайдаланған адамға қандай жауапкершілік қарастырылған?
– Белгілі бір затты суық қаруға жатқызу туралы мәселе тек сот-медициналық сараптама нәтижелері бойынша шешіледі. Мысалы оқ ататын, газды қаруды, пышақтарды, кастеттерді және өзге де суық қаруды, не денсаулыққа зиян келтіру үшін арнайы бейімделген басқа да заттарды қолданып немесе қолдануға әрекет жасап, бұзақылық жасаған (ҚР ҚК-нің 293-бабы) кезде үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
– Азаматтардың өтініштерінің қаралу мерзімі қандай?
Азаматтардың өтініштерін қарау мерзімі 2007 жылғы 12 қаңтардағы №221 «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8 бабына сәйкес жүзеге асырылады. Сол бапта көрсетілгендей өтiнiштi қарау мерзiмдерi мынадай:
1) Қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не жергiлiктi жерге барып тексеру талап етiлмейтiн жеке және заңды тұлғаның өтiнiшi субъектіге, лауазымды адамға келіп түскен күннен бастап күнтiзбелiк он бес күн iшiнде қаралады.
2) Қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не жергiлiктi жерге барып тексеру талап етiлетiн жеке және заңды тұлғаның өтiнiшi субъектiге, лауазымды адамға келiп түскен күнінен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде қаралады және ол бойынша шешiм қабылданады.
Қосымша зерделеу немесе тексеру жүргiзу қажет болған жағдайларда, қарау мерзiмi күнтiзбелiк отыз күннен аспайтын мерзiмге ұзартылады, бұл туралы қарау мерзiмi ұзартылған күннен бастап күнтiзбелiк үш күн iшiнде өтініш берушiге хабарланады.
3) Өтiнiштi қарау мерзiмiн субъектiнiң басшысы немесе оның орынбасары ұзартады.
4) Егер өтiнiште баяндалған мәселелердi шешу ұзақ мерзiмдi талап етсе, онда өтiнiш түпкiлiктi орындалғанға дейiн қосымша бақылауға қойылады, бұл туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтiзбелiк үш күн iшiнде өтініш берушiге хабарланады.
5) Қазақстан Республикасының заңдарында өтiнiштердi қараудың өзге де мерзiмдерi белгiленуi мүмкiн.
– Өңірімізде ит төбелестіретіндер бар. Мамандардың айтуынша, бұл ит тұқымын жақсарту үшін қажет. Осындай жарыс өткізу заңды ма? Егер заңсыз болса, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға қандай жауапкершілік қарастырылған?
– Ит төбелестіріп, жарыс ұйымдастыру – заңға қайшы. Осындай шараны өткізген немесе оған қатысқан азаматтар ҚР ҚК-нің 316-бабына (Жануарларға қатыгездік жасау) сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Заңда көрсетілгендей, жануарлардың өлуіне немесе мертігуіне әкеп соқтыратын қатігездік жасау, егер бұл іс-әрекет бұзақылық ниетпен істелсе немесе балалардың көз алдында жасалса – 120 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, не жүз жиырма сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылып, не болмаса отыз тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынумен жазаланады. Алдын ала сөз байласу арқылы топ болып жасалған немесе бірнеше мәрте қайталанған қылмыс – 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылып, не болмаса елу тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынумен жазаланады.
- Сұхбатыңызға көп рахмет!