Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері заңмен реттелмек
АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат - Ертең, 21 ақпан күні, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу
және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтеді.
Заң жобасының мақсаты туралы Әділет министрінің орынбасары Әмірхан Аманбаев баяндама жасайды деп күтілуде.
Заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі - депутат Шалатай Мырзахметов.
Бұл заң жобасы Қазақстан Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасының ережелерін іске асыру мақсатында әзірленген.
Қазақстан Республикасы Құқықтық саясат тұжырымдамасының 2.2-тармағында, тіркеу, рұқсат беру-лицензиялау рәсімдерін жеңілдету, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне мемлекеттік органдардың заңсыз араласуына тосқауыл қою жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажеттілігі белгіленген.
Көрсетілген міндеттерді іске асыру жолындағы бағыттардың бірі - заңды тұлғаларды тіркеу, филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын жетілдіру болып табылады.