Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуді оңайлату үшін заңдарға түзетулер енгізілмек
АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат/Айдын Бәймен/ - Үкіметтен Мәжіліске «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуді оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы келіп түсті.
Бұл заң жобасы бойынша Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті жұмыс тобын құрып, қорытынды әзірлейтін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Құжат Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингісінде «Кәсіпорындардың ашылуы» индикаторы бойынша Қазақстанның ұстанымын арттыру мақсатында әзірленген. Дүниежүзілік банктің деректері бойынша Қазақстан «Doing Business» рейтингісінде «Кәсіпорындардың ашылуы» индикаторы бойынша 78-орында тұр.Қазақстанның келтірілген рейтингідегі ұстанымына ықпал ететін факторлардың бірі бизнесті бастау үшін қажетті рәсімдер мен бизнесті бастау үшін жұмсалатын уақыттың мөлшері болып табылатындығын ескере отырып, жаңа кәсіпорындарды тіркеу рәсімдерін одан әрі оңайлату қажет. Атап айтқанда, «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» және «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заңдарға түзетулер енгізу ұсынылған. Бұдан басқа, жауапкершілігі шектеулі серіктестік нысанында құрылатын шағын кәсіпкерлік субъектісі мәртебесі бар заңды тұлғаларды қолдаудың тағы бір шарасы жарғылық капиталдың төменгі мөлшерін 100 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) 10 АЕК-ке дейін азайту болып табылады. Үкімет берген түсіндірмеде осындай шараларды қабылдау тұтас алғанда Қазақстанда шағын бизнестің дамуы үшін қолайлы жағдай туғызатындығы жазылған.