Заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын енгізу еліміздің бизнес-климатына кері әсерін тигізеді
АСТАНА. 24 ақпан. ҚазАқпарат - Заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын енгізу еліміздің бизнес-климатына кері әсерін тигізеді.
Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «Заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы: нақты жағдайлар және проблемалар» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында «Атамекен одағы» ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов осылай мәлім етті.
Талқыланған мәселеге қатысты «Атамекен» одағының ұстанымын нақтылаған А. Мырзахметов бұндай бағыттағы заң жобасының бизнес-климатқа зиян келтіретінін атап өтті. «Біздің ойымызша, заңды тұлғаларға қылмыстық жауаптылықты енгізу бизнеске қосымша ауыртпашылықты жүктейді. Қазіргі күні қолданыстағы Қылмыстық кодекстің өзі компанияларда қызмет атқаратын лауазымды жеке тұлғаларға жауаптылықты да толық қарастырады. Сол үшін бұған сүйеніп, заңды тұлғаның жауаптылығын арттырудың қажеті шамалы деген ойдамыз», - дейді Абылай Мырзахметов.
Оның айтуынша, Елбасының тапсырмасы бойынша елімізде қылмыстық заңнамаларды ізгілендіру үдерісі жүріп келеді. «Дегенмен, солай бола тұра бизнестің жауаптылығын заң арқылы ауырлатудың мәнін түсінбейміз. Оның үстіне осы бағытта салынады деп белгіленген айыппұлдардың өзі үлкен жүк. Бұл тіпті шағын кәсіпкерлікті банкроттыққа апарып соғуы мүмкін», - дейді «Атамекен» басшысы.