Заңды тұлғаларға айыппұл, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру не заңды тұлғаны тарату санкцияларын қолдану мүмкіндігі қарастырылуда

АСТАНА. 2 маусым. ҚазАқпарат - Ертең, 3 маусым күні, Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің бас ғимаратында ҚР Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық Палатаның отырысы өтеді.

Заңды тұлғаларға айыппұл, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру не заңды тұлғаны тарату санкцияларын қолдану мүмкіндігі қарастырылуда

Қоғамдық Палатаның отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыға салынады.

Мемлекет басшысының 2009 жылғы 2 желтоқсандағы тапсырмасына сәйкес әзірленген заң жобасымен Қазақстан Республикасының Азаматтық, Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық-атқару кодекстеріне және өзге де заңнамалық актілерге толықтырулар енгізіледі. Атап айтқанда, бірқатар экономикалық, экологиялық, сыбайлас жемқорлық және террористік қылмыстары үшін заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу қарастырылған. Сондай-ақ заңды тұлғалардың қылмыстары туралы істер бойынша іс жүргізу тәртібін реттеуге, сондай-ақ заңды тұлғаларға қатысты қолданылатын қылмыстық жазаларды орындауға, заңды тұлғалар үшін оларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға байланысқан бірқатар шектеулер енгізуге бағытталған түзетулер енгізу ұсынылады.

Қазіргі уақытта заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі Францияда, Германияда, Бельгияда, Данияда, Жапонияда, Канадада, АҚШ-та, Оңтүстік Кореяда, Голландияда, Норвегияда, Австрияда, Иорданияда, Ливанда, Сирияда, Қытайда, Үндістанда, Румынияда, Молдовада және Литвада белгіленген. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимылдың тиімді тетіктерін құру қажеттілігінен туындаған.

Жауапкершіліктің мұндай түрі қылмыстық көріністерден залалдың орнын толтыру деңгейін көтереді, себебі заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі бар болғанда оларға тікелей мүліктік санкцияларды қолдануға мүмкіндік туады.

Заңды тұлғаларға мынадай санкциялар қолданылуы мүмкін: айыппұл, белгілібір қызметпен айналысу құқығынан айыру не заңды тұлғаны тарату.

Заң жобасы Экономикалық саясат жөніндегі кеңесте және Қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын және жедел-іздестіру қызметі туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобында қаралды, сондай-ақ ол бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы және ғылыми сараптамалар жүргізілді.