Заңға қайшы әрекетке барған балаларды әлеуметтік оңалту жүйесін заңмен жаңғырту талап етіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Заңға қайшы әрекетке барған балаларды әлеуметтік оңалту жүйесін заңмен жаңғырту талап етіледі. Бұл туралы бүгін елордада өткен заңға қайшы әрекетке барған балаларға арналған арнайы білім беру мекемелерін реформалау мәселесі бойынша дөңгелек үстел отырысында айтылды.
«Қазақстанда заңға қайшы әрекетке барған кәмелеттік жасқа толмағандарды әлеуметтік оңалтудың қолданыстағы жүйесі бар. Бірақ, бұл жүйе жаңғыртуды және бұл санатқа жататын балаларды оңалту тетіктерін қарастыруды талап етеді», - деді ҚР БҒМ Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі комитеті төрайымының міндетін атқарушы М.Әбдікәрім.
Оның атап өтуінше, бұл мәселе осы жылдың 2 наурызы күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Д.Назарбаеваның төрағалығымен өткен селекторлық режімдегі отырыста көтерілген.
«Бізге бұл мәселені қарстырып, қолданыстағы жүйені зерделеу тапсырылды. Егер қажеттілік болса, арнауы білім беру ұйымдарын реформалаудың тұжырымдамасы әзірленеді», - деді ол.
Жиынға ҚР мемлекеттік органдардың өкілдері, Ресей, Қырғызстан, Грузия мемлекеттік емес ұйымдарының сарапшылары қатысуда.