«Заңға қайтыс болған адамның несиелік қарызын кешіру туралы бап енгізу керек пе?» - республикалық басылымдарға шолу

 АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 28 қараша, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Заңға қайтыс болған адамның несиелік қарызын кешіру туралы бап енгізу керек пе?» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Астана - Достастықтың мәдени астанасы» халықаралық жобасының қорытындысына орай ТМД елдері опера театрлары өнер шеберлерінің «Өркен жайған опера» атты гала-концерті  өтті. Салтанатты кешті Үкімет басшысы Серік Ахметов, Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай, сондай-ақ облыс басшылары мен белгілі мәдениет пен қоғам қайраткерлері тамашалады. Достастық елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық бай­ланыстарды нығайту үшін қолға алынған биылғы «Жаңа әлемдегі Еуразиялық мәде­ниет» халықаралық форумында мәдени байланыстарды ке­ңейту, өзара қарым-қаты­нас­тың тиімді үлгілерін құрумен қатар, ТМД халықтарын бір-бірімен рухани жақындастыру сияқты бірқатар ауқымды шаралар қарастырылған болатын.  «Жыл шеңберінде жүзден астам шараны, сонымен қатар белгілі өнер майталмандары мен ұжым­дарды қамтыған, міне, сол жобаның Ас­та­на­дағы К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының симфониялық ор­кес­трі қаты­суы­мен өткен концертпен түй­інделуінің өзінде үлкен мән бар»,-деп жазады басылым «Жолы болған жоба» атты мақалада. 

«Кеше елордада «Аңсар» бизнес орталығында «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық қоғамдық комиссиясы жұмысының басталуына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Бұл қоғамдық комиссияның негізгі мақсаты жалпыұлттық «Ха­лықтық IPO» бағдарлама­сы­ның жүзеге асу барысына тәуелсіз қоғамдық бақылау жасау және барлық отандастарымыз үшін бас­ты ұстаным - ашықтық пен қол­же­тім­ділікті сақтау арқылы халық­тың сенімін нығайту болып табылады»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Бұл материал «Қоғамдық комиссия жұмысын бастады» деген тақырыппен берілген.

 

***

«Айқын» басылымының бүгінгі санында «Дала шөлейтке, шөлейт шөлге айналмай ма? атты мақала басылды.  Дүниежүзі ресурстар институтының деректеріне жүгінсек, Қазақстан аумағының 99 %-ы құрғақшылыққа бейім болып саналса, жеріміздің 66 %-ы қазір түрлі деңгейдегі шөлейттенуге айналған көрінеді. Барлық 188 млн гектар жайылымдық жеріміздің 26%-ы немесе 48 млн гектардан астамы құрғақшылық салдарынан жылдан-жылға азып-тозып бара жатқаны жиі айтылып жүр. Соңғы он жылда 30 млн гектардан астам құнарлы егістік жеріміздің 10 млн гектарға жуығы құнарсызданып, егістік айналымнан шығып қалыпты, оның 15%-ы суармалы жер.   Ауылшаруашылық жеріміздің құнар­лылығын кемітпей, қалыпты жағдайда сақтау үшін, егістік жер көлемімізге жыл сайын 2,6 млн тонна тыңайтқыш сіңіру қажет болса, бүгінгі күні сіңіріп отырған тыңайтқышымыздың көлемі 213,3 мың тоннаны ғана құрайды. Оның үстіне маңызды технологиялардың бірі - жер ауыс­палылығын сақтамай, аудармай жырту технологиясына көштік. Осының нәтижесінде, егістікті шөп басып, егіннің өсіп-өнуіне кедергі келтіріп, пісу мерзімін ұзартып, сапасын төмендетіп отыр.   

 

«Еңбек нарығындағы биылғы жағдай қандай, 2013 жылы бұл нарықты не күтеді, жұмыс берушілер кадрларға кандай талап қоя бастады, қандай мамандар сұранысқа ие болмақ? Түрлі компанияларға кәсіби білікті маман таңдаумен айналысатын халықаралық «Форсаж» рекрутингтік компаниясы осы сұрақтарға жауап іздеп, келер жылға арналған өз болжамдарымен бөлісті»,-деп жазады бүгінгі санында «Айқын» газеті. Жыл аяқталуға таяған кезде, өткен уақытқа қорытынды жасап, келер жылға болжам айтылатыны белгілі. Еңбек нарығындағы ойыншылармен қоян-қолтық араласып жүрген сарапшылар­дың айтуынша, Қазақстан жоғары бі­лікті, сапалы мамандарға зәру. Әсіре­се, бұл тапшылық мұнай-газ, фармацев­ти­ка, ритейл, банк, халықтық тұтыну тауарларын шығару, қызмет көрсетудің барлық саласында байқалады. Са­рапшылардың пайымдауынша, кәсіби білікті мамандарға сұраныс жоғары болғанымен, оның қанағаттандыры­луы төмен. Өйткені бүгінгі кадрлық саясат түбегейлі өзгерген. Мамандарға қойылатын талаптар да уақыт өткен сайын жоғарылап барады. Еңбек нарығы мәселесі тұрғысында жазылған бұл мақала «2013 жыл: еңбек нарығын не күтіп тұр?» атты тақырыппен жарық көрді.

***  

  

«Алаш айнасы» басылымындағы Ой-көкпар айдарынада «Заңға қайтыс болған адамның несиелік қарызын кешіру туралы бап енгізу керек пе?» деген мәселе көтеріліп отыр.  ҚР Азаматтық кодексінің 1038-бабына сәйкес, банктен несие алып, өмірден озған адамның несиелік қарызы марқұмның артында қалған мұрагеріне дүние-мүлкімен бірге мұра ретінде тиесілі болады. Ал мұраға ие болу өсиет негізінде немесе заң бойынша жүзеге асырылады (1039-бап). Өсиет қалдырылмаған жағдайда мұрагерлiк заң бойынша белгіленеді. Заңға сәйкес, мұрагер болу құқығын бiрiншi кезекте мұра қалдырушының балалары, сондай-ақ жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы тең үлеспен алады (1061-бап). Мұраға ие болушыларға марқұмның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын мiндеттерi де яғни қарызы да қоса жүктеледі (1040-бап)...

Бірақ қоғамда сол қарызды өтей алмай, кепілдікке қойған қара шаңырағынан айрылып, далада қалып жатқандар қаншама. Сондықтан «заңға қайтыс болған адамның несиелік қарызын кешіру туралы бап енгізу керек пе?» деген сұраққа мамандар өзіндерінің пікірлерімен бөлісіп көрді.