Заңғар Нұрланұлы Германиядағы жасөспірімдер жарысын жеңіспен бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Германияның Оффенбах қаласында жасөспірімдер арасында супер санаттағы ITF Juniors J500 турнирі өтіп жатыр.

Заңғар Нұрланұлы
Фото: ҚТФ

ITF Juniors рейтингісінде 8-орында тұрған қазақстандық, 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы аталмыш жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген.

Түркістан теннис мектебінің түлегі алғашқы айналымда жасөспірімдер рейтингісінде 149-орындағы аргентиналық Томас Ренің мысын басты.

Бірінші партияда Заңғар 6:4 есебімен басым түсті. Екінші сетте қарқын қосты — 6:2.
Заңғар Нұрланұлы екінші айналымда ITF Juniors рейтингісінде 267-сатыдағы чехиялық Якуб Шмейцкимен кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның WTA чемпиондық кестесінде көш бастап келе жатқанын жазған едік.

Сондай-ақ Рим турнирінде қазақстандық теннисшілер өткен жылғы көрсеткіштерін жақсарта ала ма, бұл туралы хабарланды.