18:29, 07 Сәуір 2023 | GMT +5
Заңгер Бұрхан Жансейітовті қамауда ұстау мерзімі 1 айға ұзартылды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Заңгер Бұрхан Жансейітовке қатысты тергеу амалдарына байланысты оны қамауда ұстау мерзімі 10 мамырға дейін ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Алматы қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2023 жылғы 7 сәуірдегі хабарламасы бойынша сот қаулысымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының өтінішхаты қанағаттандырылды. Ж.-ға қатысты қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде қамауда болу мерзімін 1 айға, яғни 2023 жылғы 10 мамырға дейін ұзартуға санкция берілді», - делінген ресми хабарламада.
Еске салсақ, өткен жылдың 15 шілдесінде Қаржы мониторингі агенттігі адвокат Бурхан Жансейітов құқық қорғау органдарының жұмысына кедергі келтіргені үшін қамауға алынғанын хабарлады.
17 шілдеде «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасынан бас тартылып, ол «үйқамаққа» ауыстырылды.
Сол күні республикалық адвокаттар алқасы Б. Жансейітовке қатысты мәлімдеме жасады.