Заңгерлер даярлау сапасына талапты күшейте түсу қажет - И. Меркель

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде заңгерлер даярлау сапасына талапты күшейте түсу қажет. Бүгін Парламент Мәжілісінде заңгерлік қызметтерді реттеу мәселесіне арналған «дөңгелек үстел» жиынында Бас прокурор орынбасары Иоган Меркель осындай пікір айтты.

Заңгерлер даярлау сапасына талапты күшейте түсу қажет - И. Меркель

Сөз арасында ол халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, заңгерлер даярлауға талапты қатайта түсудің қажеттігін алға тартады. «Әлемде түрлі үлгілер баршылық. Мәселен, Германияны алып қарасақ, заңгерлер белгілі бір құқық қорғау органында 6 ай жұмыс істеп, сосын емтихан тапсырады. Сосын және алты ай басқа органда (мәселен сотта) істеп, қайта сынақтан өтеді. Осылайша, әрбір кезеңдер сайын емтихан жалғасып, маман жетіліп отырады, ал егер ол емтиханнан сүрініп жатса, заңгер бола алмайды деген сөз. Бұл шындығында заңгерлер үшін қатаң талап, біз де осындай түрдегі қатаң талаптарға көшуіміз керек секілді», - деді И.Меркель.

Оның сөзіне қарағанда, қазақстандық қана емес, халықаралық, әлемдік нарықтағы заңгерлік қызметтер аясында бәсекеге түсе алатын заңгерлердің кадрлық резервтерін қалыптастыру жұмысына ең бірінші кезекте білім сапасы әсер етеді. «Сондықтан да, әлемдік тәжірибелердің озық үлгілерімен жұмыс жасау керек. Заңгерлер даярлаудың түрлі үлгілерін кеңінен талқылап, енгізудің маңызы жоғары», - деді И.Меркель.