Заңгерлер Президенттікке үміткерлердің науқанға өз қалтасынан қанша қаржы шығындай алатынын айтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада «Заңгерлер - әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігі баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заңгерлер Президенттікке үміткерлердің науқанға өз қалтасынан қанша қаржы шығындай алатынын айтты

Бірлестік өкілі, профессор Марат Сәрсембаев Президенттікке үміткерлердің сайлау науқанына қаржы шығындау бойынша қандай шектеулер қойылатынын атады.

«Егер Президенттікке кандидат өзінің қаржына іс-шаралар өткізетін болса, шығарылатын материалдар санына, өткізілетін іс-шараларға арнайы шектеулер жоқ. Бірақ жалпы қаржы көлемі бойынша белгілі бір шектеулер бар. Сайлау туралы конституциялық заңға сәйкес, кандидаттың науқанға шығындайтын өз қаражаты немесе ұсынған республикалық қоғамдық бірлестік бөлген қаражат 510 млн теңгеден аспауы керек. Бұл ең төменгі еңбекақы мөлшерінің 12 мың есесіне тең. Ал ел азаматтары мен ұйымдары кандидаттың сайлау науқанын ерікті қайырмалдық негізінде қаржыландырса, жалпы сома ең төменгі еңбекақы мөлшерінің 15 мың есесінен аспауы керек. Бұл ақшаға шаққанда 637,5 млн теңге» - дейді Марат Сәрсембаев.

Заңгердің айтуынша, республикалық бюджет есебінен жабылатын 7 331 200 теңгенің шығысы төмендегі шеңберден шықпауы тиіс.

«Кандидат сайлауалды бағдарламасын теледидар арқылы баяндауға 5 250 000 теңгеден артық шығындай алмайды. Ал радио арқылы баяндау 200 мың теңгеден аспауы тиіс. Мерзімді баспа немесе желілік басылымдарға жариялау көлемі 810 мың теңгеден артылмауы қажет», - дейді «Заңгерлер - әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі.