Заңнамадан «баспасөз картасын» алып тастау ұсынылды - Жұлдыз Сүлейменова

депутат
Фото: Kazinform.kz

«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасына 170 түзету енгізілді. Бұл туралы Алматыда өткен XV «Media Құрылтай 2023» салалық конференциясында Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Көп бапқа түзетулер енгізілді. Оның ішінде журналистерді аккредиттеудің жеңілдетілген түрі, баспасөз картасын алып тастауға байланысты норма енгізілді. Сондай-ақ БАҚ-тың мемлкеттік саясаттың принциптері және олардың бағыттарын нақтылау нормасы да бар. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың ашықтығы мен есептілігіне байланысты норманы атап өткен жөн. Сонымен қатар БАҚ-тың таратылу ретіне байланысты нормалар қабылданды. Жалпы саны 170 түзету енгізілді», - деді спикер.

Аталған түзетулер Парламент Мәжілісінде талқыланып, ары қарай Сенатқа жолданбақ. 

«Қазіргі таңда біз бірінші оқылымға дайындалып жатырмыз. Оған дейін аталған нормалар жұмыс тобында талқыланады. Шешім қабылданған соң, бірінші оқылымға жіберіліп, тағы талқыға түседі. Бірінші оқылымда бүкіл 98 депутат дауыстарын береді, кейін екінші оқылымда жіберіледі. Онда концептуалды нормалар қарастырылады. Нормалар бірінші және екінші оқылымда қабылданған соң ғана Сенатқа жолданады», - деді Жұлдыз Сүлейменова. 

Ол сондай-ақ елімізде балалар басылымын, атап айтқанда, «Ұлан» балалар газетін дамыту қажет екеніне тоқталды. 

«Біз «Ұлан» секілді басылымдарды дамытып, балаларды оған жаздыртып, оқу-білімге баулығанымыз дұрыс. Сондықтан балалар газетіне жазылуды субсидиялауымыз керек. Сондай-ақ «Ұланның» меншікті тілшілері бар, редакциясы бар, олардың айлық жалақысын орташа айлық жалақыдан кем болмауын қамтамасыз еткен жөн», - деді Мәжіліс депутаты. 

Оның сөзінше, бүгінде газет-журналдарды шалғай аудан, ауылдарға жеткізуде күрмеулі мәселе көп. 

«Бүгінде газет, журналды шалғай аудан, ауылдарға жеткізуде «ұлттық оператор кім болады» деген мәселе бар. Айту керек, «Қазпошта» АҚ ұлттық оператор ретінде анықталмаған. Осыған орай бүгінде газет, журналдардың шалғай елдімекендерге, 6 500 ауылға уақтылы жетуіне байланысты сұрақтар туындап отыр. Ол мәселе әлі шешімін таппады. Сол себепті, алдағы уақытта «Қазпоштаны» шақырып, Үкіметпен бірлесе отырып, мерзімді басылымды уақтылы жеткізуші операторға қатысты талқылау өткіземіз», - деді Жұлдыз Сүлейменова. 

Соңғы жаңалықтар