Заңнамаға әйел құқығы мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты маңызды түзету енгізілді – сарапшы

заңнама
Фото: ҚСЗИ баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Ұзақ талқылаулардың нәтижесінде заңнамаға әйел құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды түзету енгізілді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Гүлмира Тоқанова мәлім етті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отбасында, көшеде, қоғамдық көлікте немесе интернетте жасалған зорлық-зомбылық пен агрессиядан әйелдер мен балалардың құқығын қамтамасыз етуге және қорғауға бағытталған заңдарға қол қойды. Енгізілген жаңа нормалар бірнеше әлеуметтік маңызды міндеттерді орындауы тиіс. Бұл ретте, қылмыстың алдын алу, жазаның бұлтартпастығы және зардап шеккендерге қолдау көрсету инфрақұрылымын күшейту ескерілген. Мәселен, енді ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзу әрекеті ретінде сипатталады. Сондықтан 80 АЕК-ке дейін айыппұл салынады немесе 25 тәулікке дейін қамауға алынады. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 200 АЕК айыппұл немесе 50 тәулікке дейін қамаққа алу жазасы қарастырылған, яғни әкімшілік жаза емес, қылмыстық жауапкершілік болады», - деді Г. Тоқанова.

Оның пайымынша, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік қылмыстар бойынша тараптардың татуласу мүмкіндігін жоққа шығаратын тармақ өте маңызды түзету болды.

«Осы және басқа да заңнамалық жаңалықтар жеке тұлғаларға қарсы қылмыстардың алдын алуға, азаматтардың құқығын қорғауға арналған. Әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғаудың келесі қадамы заң талаптарын тиісті деңгейде жүзеге асыруға қатысты. Осыған байланысты құқық қорғау органдарының жұмысына қоғам жағынан ерекше назар аударылады деп ойлаймын. Сонымен қатар құқықтық бақылау жүйесіне қоғамдық ұйымдар, БАҚ және жанашыр азаматтар тартылған. Бұл түзетулер азаматтық қоғам, сарапшылар және Үкімет арасындағы ұзақ талқылаулар мен сындарлы өзара іс-қимылдың нәтижесі болғаны кездейсоқ емес», - деді сарапшы.

Оның айтуынша, барлық қоғамдық талқылау мен пікірталастар, сондай-ақ Президенттің тұрмыстағы зорлық-зомбылық пен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайту туралы тапсырмасы маңызды әлеуметтік мәселеге жауап ретінде болды. Сондықтан елімізде қабылданып жатқан заңдар қоғамда дұрыс қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.

Айта кетейік, Президент әйел құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдарға қол қойды. 

Соңғы жаңалықтар