Заңнамаға этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін реттеу мәселелері бойынша түзетулер енгізіледі - Сенат

АСТАНА. 26 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Қаржы және бюджет комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Заңнамаға этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін реттеу мәселелері бойынша түзетулер енгізіледі - Сенат

Заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасында көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың 2013-2015 жылдарға арналған Іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында әзірленген болатын.

Заң жобасы этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуі және айналымы процесінде туындайтын құқықтық қатынастар саласындағы қатысушыларға ықпал ету тетігін жетілдіруге бағытталған. Заң жобасымен ұсынылып отырған нормалар спирттік ішімдіктерді сату орындары мен уақытын шектеуге, алкоголь өнімін өндіру және саудалау шарттарын қатаңдатуға, этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуі және айналымы саласындағы бұзушылық үшін жауаптылықты қатаңдатуға бағытталған.

Заң жобасымен этил спирті мен алкоголь өнімінің өндіру көлемін жаңғыртылған есептеуші аспаптарын енгізу, алкоголь нарығының субъектілері мен тұтынушылардың есепке алу-бақылау маркаларын сәйкестендіру мүмкіндіктерін белгілеу, этил спирті мен алкоголь өнімін өндірудің ең төменгі шегін белгілеу арқылы мемлекеттік бақылауды күшейту көзделіп отыр. Сонымен бірге, заң жобасы заңнамада белгіленген талаптарды бұза отырып қызметін жүзеге асыратын алкоголь нарығы субъектілерін қысқартуға бағытталған. Жобада олар бойынша жауаптылық күшейтілді.

Тұжырымдамалық тұрғыда мақұлданған заң жобасы Палата қарауына жіберілді.