Заңнамаға тұрғын үй құрылысын нақты шағымсыз-ақ тексеру мүмкіндігін беретін өзгерістер енуі мүмкін

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қолданыстағы заңнамаға тұрғын үй құрылысын нақты шағымсыз-ақ тексеру мүмкіндігін беретін өзгерістер енуі мүмкін. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында аталмыш заң жобалары туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заңнамаға тұрғын үй құрылысын нақты шағымсыз-ақ тексеру мүмкіндігін беретін өзгерістер енуі мүмкін

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарын шағымсыз тексеру мүмкін емес. Ал құрылыс кезеңінде шағымдардың түсу ықтималдығы төмен және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары объектілерді пайдалануға қабылдауға қатыспайды.

Құрылыс салушылар бақылаудың нашар екенін байқап отыр, сондықтан объектілер құрылыс кемшіліктерімен пайдалануға қабылданады», - деген Қайырбек Өскенбаев мемлекеттік бақылауды күшейту үшін шұғыл шараларды қамтитын заң жобасы әзірленгенін атады.

Олар:

1. Аумақта құрылыс салуды сапасыз жоспарлауды болдырмау мақсатында қала құрылысы сараптамасын енгізу;

2.Құрылыстың барлық кезеңдерінде (қазаншұңқыр қазудан бастап абаттандыру жұмыстарына дейін) объектілерге жоспарлы бақылауды енгізу және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының объектілерді пайдалануға қабылдауға қатысуы;

3. Пайдаланылатын материалдар мен орындалған жұмыстардың сапасына зертханалық және техникалық тексеру жүргізу үшін тәуелсіз мемлекеттік зертханалық қызметті құру.