Заңнамалардағы қарама-қайшылықтарды жою қажет - профессор Р.Юрченко
АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қазіргі қолданыстағы заңнамалардағы кейбір қайшылықтарды жойып, бір ізге түсіру қажет.
Айталық, Қылмыстық кодекстің кейбір тұстары Ата заңымыз - Конституцияға қайшы келеді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Қазақстан Республикасының қылмыстық атқару заңнамасын жетілдіру» тақырыбына арналған «дөңгелек үстелдің» отырысында заң ғылымдарының докторы, профессор Раиса Юрченко айтты.
«Біздің Ата заңымыз - Конституция кез келген азаматтың бостандығына оның туғанынан бастап кепілдік береді. Ол туралы еліміздің бас құжатында анық жазылған. Егер Қазақстанның азаматы қандай да бір қылмыстық іске барса, онда оның бостандығы шектеледі. Ал Қылмыстық кодексте бұл бостандық шектелмейді, азаматты одан айырады. Демек, біз адамды оның туғанынан берілген бостандықтан айырып, Конституцияға қарсы шығамыз. Сол себепті Қылмыстық кодексте «бостандықтан айыру» деген сөз «бостандықтан шектеу» деген сөзбен алмастырылуы тиіс. Осындай қарама-қайшылықтар Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық атқару кодексінде де жоқ емес. Мәселен, Қылмыстық кодексте соттың шешімі бірден іске асуы тиіс болса, Қылмыстық атқару кодексі бойынша ол шешімге бір айға дейін уақыт беріледі. Сот шешімінің орындалуына байланысты осындай қарама-қайшылықтарға жол бермеу қажет», - дейді ҚР Жоғары сотының отставкадағы судьясы, ғалым Р.Юрченко.