Заңнаманы ізгілендірудің келесі кезеңі бас бостандығынан айырылатындар индексін барынша азайтуға септігін тигізеді - С. Ақылбай

АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат -  Заңнаманы ізгілендірудің келесі кезеңі бас бостандығынан айырылатындар индексін барынша азайтуға септігін тигізеді.

Заңнаманы ізгілендірудің келесі кезеңі бас бостандығынан айырылатындар индексін барынша азайтуға септігін тигізеді - С. Ақылбай

Бұл туралы бүгін Әділет министрлігінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы-экономикалық қылмыстарды одан әрі декриминализациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында сенатор Серік Ақылбай осылай мәлім етті.

«Декриминализацияның өзі қоғамға жоғары деңгейде қауіп төндірмейтін қылмыстарды дәйекті түрде қылмыстық заңнамадан аластату дегенді білдіреді. Сондықтан да, заң жобасында бірқатар қылмыс құрамы қайта қаралып, оның қоғамға залал келтірілмейтіндерінің дәрежесі өзгертіледі. Ауыр емес, орташа қылмыс түрлері де декриминализацияланады. Ал осындай ізгі шаралардың нәтижесінде бас бостандығынан айырылғандар индексі төмендеп, түрмелерде жазасын өтейтіндер қатары да біршама азаятыны күтіледі», - дейді сенатор.

Оның айтуынша, құқық қорғау органдарының қызметі экономикалық қылмыстардың болуын ескертуге негізделіп, ауыр және аса ауыр саналатын қылмыстарды ашуға көбірек назар аударылады. «Яғни, экономикалық қылмыстарға орай ең бастысы материалдық шығынды қалпына келтіру жауапкершілігіне көп мән беріліп, шалыс басқандарды міндетті түрде түрмеге тоғытуды болдырмайды», - дейді депутат Серік Ақылбай.