Заңның орындалуы барлық тұтынушыларға міндетті - Алматыдағы
АЛМАТЫ. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Жеке және жалпы үйге ортақ есептеу аспаптары бар болған кезде ғана тұтынушы нақты тұтынған судың көлемі мен жылу энергиясының нақты тұтынған саны үшін төлем жүргізе алады.
Бұл туралы бүгін "Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы" ҚР Заңының нормаларын іске асыруды реттеуде есептеу аспаптарын қондыруды талқылауға арналған "дөңгелек үстел" отырысына қатысушылар мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Бүгінгі күні табиғи монополиялы субъектілерде жылу энергиясын есептеу құралдарының жалпы қажеттілігі 13 289-ды құрайды. Көп бөлмелі үйлерге - 5526, жеке меншік жер үйлерге - 2782, бюджеттік ұйымдарға- 683, қалғандарына - 42980 есептеу құралдары қажет. Олардың барлығының 4403-і қойылды. Көп бөлмелі үйлерге - 1223, жеке меншік жер үйлерге - 243, бюджеттік ұйымдарға- 683, қалғандарына - 2254 есептеу құралы орнатылды. Ыстық суды есептеу аспабының 264 000 данасы қажет. Бүгінгі күні оның 217 173-сі құрылды", деді "Алматы жылу жүйесі" АҚ-ның Бас директоры Игорь Пирогов.
Жиын барысында аспаптарды құру бойынша арнайы ережені жасау керек деген пікірлер айтылды. Оның себебін, олар қалада орналасқан 1960 жылғы салынған 810 -нан астам ескі үйлерге жылу энергияны есептейтін ортақ есептеу аспаптарын қоя алмайтындығымен түсіндірді.
«Алматыжылукоммунэнерго» АҚ-ның Бас директоры Валерий Торланбаевтың айтуынша, заңнаманың орындалуы үшін әр түрлі жолдарын қарастыру керек. "Өйткені тексеру көрсеткендей, негізінен ыстық су мен суық суды есептейтін жеке есептеу аспаптарын үй иелері қойғылары келмейді. Әсіресе, пәтерлерін жалға беретін үй иелері. Дәл, осы пәтерлерде судың аса көп шығыны болады", деп атап өтті жиын барысында В. Торланбаев.
Судың есептеу аспабын қондыруды міндеттеу туралы Алматы қаласы сотының бірнеше шешімі шыққан. Осы мәселеге орай, отырыс барысында "Алматы қаласын есептеу аспабымен жабдықтау 100 пайызға жеткенге дейін бақылау жүргізу жұмыстары жалғасатын болады" деп атап өтілді.