«Заңның үстемдігі - сыбайлас жемқорлықпен күрестің негізі» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Желтоқсанның 9-ы. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда желтоқсанның 9-ы, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қарашаның 13-і күні өткізген тікелей желі кезінде түскен сұрақтардан Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне (қаржы полициясына) қатысты 979 азаматтың сауалы келіп түсті. Олардың барлығы қарастырылуда, ал 490 сауал иелеріне жауап жіберілді. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Заңның үстемдігі - сыбайлас жемқорлықпен күрестің негізі» деген тақырыппен аталмыш сұрақтарға Агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаровтың берген жауаптары жарияланыпты.
«Тұлғалы ғалым, білікті ұйымдастырушы». Осы тақырыппен берілген аталмыш басылымдағы келесі мақала көрнекті ғалым, іскер басшы, республика тарихшыларының көш бастаушыларының бірі Ақай Нүсіпбековтың өміріне арналыпты.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Елбасымыз үздік ғалымдарымыздың бір тобына ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының 2009 жылғы Мемлекеттік сыйлығын беру туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Осындай мәртебелі сыйлықты ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Қадыржанов бастаған сегіз ғалым иеленген болатын. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газеті биылғы жылдың мемлекеттік сыйлығын иеленген бұл ұжымдық еңбектің маңыздылығы жайлы және басқада өзекті мәселелер төңірегінде ұжым басшысы Қайрат Камалұлымен ой бөлісіпті. «Атом адамға қызмет етеді» деген тақырыптағы сұхбатқа назар аударыңыз.
***
Енді Қауіпсіздік кеңесінің жұмысы жаңаша жолға қойылып, ол ұсақ мәселелерді қузауды тоқтататын болды. Оның әрбір шешімін бұдан былай жауапты тұлғалар мен органдар созбалаңға салмай, бұлтартпай орындауға міндетті. Осындай өзгерістер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Ақордада өткен Қауіпсіздік кеңесінің кешегі жиынында мақұлданды. Толығырақ «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Қауіпсіздік кеңесінің жұмысы жанданатын болды» деген тақырыппен берілген мақаладан оқи аласыздар.
Осы тақырып «Егемен Қазақстан» газетінде де кеңінен жазылған.
«Нұр Отан» ХДП Алматы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына келіп түскен арыз шағым туралы айтып өтсек, жағдай төмендегідей, 2008 жылы келіп түскен арыз - 2075 болса, биыл ол екі есеге артқан. Облыста партия қатарынан шығарылған 26 адамның 16-сы сыбайлас жемқорлыққа байланысты жауапқа тартылыпты»,- деп жазған «Айқын» газетіндегі келесі мақала «Партиядан шығарылған 26 адамның 16-сы жемқор» дегентақырыппен ортамыздағы келеңсіз жағдайға назар аударыпты.
Аталмыш басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле» айдарымен берілген сұхбатта, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлмира Исімбаева білім беру ісі және оның өзекті мәселелері төңірегінде ой өрбітеді.
Сонай-ақ басылымның «Қазақтың 100 күйі» айдарында берілген мақала өткен ғасырда үздік өнерімен бүкіл Батыс Қазақстанға белгілі болған, халық санасында, мәдениет тарихында үлкен із қалдырған күйші Есбай Балұстанұлының өміріне және оның «Бегім салы» күйінің шығу тарихына тоқталыпты.