Заңсыз алынған 450 млрд теңгенің активі мемлекетке ерікті түрде қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Заңсыз алынған 450 млрд теңгенің активті мемлекетке ерікті түрде қайтарылды. Бұл туралы Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков айтты.

«Комитет жұмыс істеп жатқан адамдардың көпшілігі ынтымақтастық пен ерікті түрде (заңсыз алынған активтерді) қайтару рәсімдеріне өздері бастама жасап жатыр. Нәтижесінде бүгінгі күнге еліміздің Премьер-Министрі жетекшілік ететін арнаулы комиссия жалпы сомасы 450 млрд теңгеге жуық 40-тан астам келісім жасауды мақұлдады. Олар заң субъектілерімен Арнаулы мемлекеттік қорға 300 млрд теңгеден астам ақша аударуды көздейді. Оның 170 млрд теңгеге жуығы бүгінде қор шотына түсті. Жасалған келісімдер бойынша 100 млрд теңгеден астам сомаға активтер мемлекетке заттай түседі. 82 млрд теңгенің мүлкі Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компанияға беріліп те қойды. Оның ішінде кәсіпорындардың акциялары мен үлестері, коммерциялық және тұрғын жайлар, еліміздегі және шетелдегі таңдаулы жылжымайтын мүлік, сондай-ақ жер учаскелері, зергерлік бұйымдар, сәндік заттар және басқа да құнды мүлік бар», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның атап өтуінше, олардың өтімділігі жоғары және нарықта үлкен сұранысқа ие. Бұл өз кезегінде мемлекетке алынатын қаржылық пайданы арттырады
«Мысалы, Алматыда 176 млн теңгеге бағаланып, мемлекетке қайтарылған жер учаскесі жақында 657 млн теңгеге, яғни 4 есе жоғары бағаға сатылды. Барлық түскен қаражат әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады», - деді Нұрдәулет Сүйіндіков.