Заңсыз айыппұл жойылып, Жезқазған бюджетіне 212 миллион теңге қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Тексеру барысында 2024 жылы Экология департаменті полигонда экологиялық талаптарды бұзғаны үшін Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне 212 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салғаны анықталды.

Ұлытау облысының Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы Жезқазған қаласы әкімдігінің қызметінде экологиялық заңнаманың сақталуына тексеру жүргізіп жатыр.
— Тексеру барысында 2024 жылы Экология департаменті полигонда экологиялық талаптарды бұзғаны үшін Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне 212 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салғаны анықталды. Бұл айыппұл заңсыз салынған, себебі 2020 жылдан бастап 2024 жыл аралығында полигон сенімгерлік басқаруға берілген және экологиялық заңнама талаптарын сақтау міндеті сенімгерлік басқарушыға жүктелген, — делінген Ұлытау облысының прокуратурасы хабарламасында.
Осыған байланысты табиғат қорғау прокуратурасының наразылығы негізінде сот әкімшілік іс жүргізуді тоқтатты.
Нәтижесінде жоғарыда аталған қаражат жергілікті бюджетке қайтарылып, алдағы уақытта Жезқазған қаласы тұрғындарының қажеттіліктеріне бағытталатын болады.
Айта кетелік Балқаш қаласының прокуратурасы мүмкіндігі шектеулі балалардың үйде оқуға жәрдемақы алу құқығын қалпына келтірген еді.