Заңсыз қару айналымымен күрес бағытында қандай жұмыс істеліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері ІІМ-мен бірлесіп 15 қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, 218 мүшесі ұсталып, 73 адам қамауға алынған. Бұл туралы ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев Kazinform агенттігіне эксклюзивті сұхбатында атап өтті.

Президент құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында айтқанындай, күштік блок жұмысының басты қағидаты — «Заң мен тәртіп». Біздің негізгі мақсатымыз қоғамды трансұлттық қылмыс пен есірткі бизнесінен барынша қорғау.
— Жыл басынан бері ІІМ-мен бірлесіп 15 қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, 218 мүшесі ұсталды, 73 адам қамауға алынды.
Мысалы, маусым айында Орал қаласында кәсіпкерлерден ақша бопсалаған қылмыстық топ әрекеті әшкереленді. 8 азамат ұсталып, екеуі сот санкциясымен қамауға алынды. Қазір алдын ала тергеу жүріп жатыр.
Сонымен қатар, полиция және прокуратура органдарымен бірлесіп, 351 атыс қаруы, 57 граната және 5,5 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Бұлар «қаңтар оқиғасы» кезінде ұрланған арсеналдың бір бөлігі. Осылайша қарудың деструктивті ортаға жеткізілуі және оны қоғам мен мемлекетке қарсы қолдану қауіпі жойылды.
Трансұлттық құрылымдар тарапынан елге бағытталған белсенді есірткі экспансиясы байқалуда. Бұл — ұлт денсаулығына төнген тікелей қауіп әрі ұлттық қауіпсіздікке зиян тигізетін әрекет, — деді ол.
Наркобизнеспен күрес үш негізгі элементке байланысты: халықаралық есірткі трафигі, психотроптық заттарды өндіру мен тарату, сондай-ақ каннабис негізіндегі заңсыз өндірістің өзіндік шикізат базасы бар.
— Осы бағытта қабылданған шаралар нәтижесінде 13 есірткі зертханасы жойылып, 29 халықаралық және өңірлік есірткі арнасы анықталды.
Мәселен, биыл мамыр айында Қазақстан мен Өзбекстан қауіпсіздік қызметтері бірігіп, Азия елінен Қазақстанға Өзбекстан аумағы арқылы ірі көлемде апиын мен гашиш жеткізудің жолын кесті. Трансұлттық есірткі құрылымының 4 мүшесі ұсталды, 82 келі апиын және 130 келі гашиш тәркіленді. Қара нарықтағы құны шамамен 2 млн доллар болуы мүмкін.
Жалпы алғанда, жарты жыл ішінде 3,4 тоннадан астам есірткі мен 7,5 тоннаға жуық прекурсор алынды.
Көріп отырғаныңыздай, жұмыс ауқымды, бірақ шешімін таппаған мәселелер де жетерлік. Біз оларды шешуге және өз қызметімізді жетілдіруге ұмтылып жатырмыз, — деп атап өтті ҰҚК төрағасы.