Заңсыз қаржылық операцияларға қарсы жаңа шаралар бекітілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Е.Н. Жиенбаевтың төрағалығымен қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлім етті. 

Заңсыз қаржылық операцияларға қарсы жаңа шаралар бекітілді
Фото: Қаржылық мониторинг агенттігі

Отырыс барысында ұлттық жылыстатуға қарсы жүйесінің барлық буындарын нығайтуға бағытталған шаралар қаралды.

Жиында FATF халықаралық стандарттарын енгізуге, сондай-ақ уәкілетті органдардың тиімділігін айқындайтын 11 Тікелей нәтиже бойынша өзара үйлесімді жұмысты қамтамасыз етуге бағытталған Іс-шаралар жоспары бекітілді.

— Атап айтқанда, қаржылық операциялардың ашықтығын арттыруға арналған қосымша шаралар кешені келісілді. Сонымен қатар, заңсыз мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін жалған компаниялардың қызметіне және бақылаусыз қаражат жинау фактілеріне қарсы іс-қимыл тәсілдері мақұлданды. Отырыс қорытындысы бойынша кірістерді жылыстатуға қатысты істерді тергеу және сотта қарау тәжірибесін жетілдіру, сондай-ақ кеңейтілген тәркілеу мен активтерді қайтару тетіктерін қолдану бойынша басым міндеттер айқындалды, — делінген хабарламада.

Іс-шаралар жоспарының іске асырылу барысы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бақылауында.

Еске салсақ, ағымдағы жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысының шешімімен кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған болатын.

Аталған топтың негізгі мақсаты — заңсыз қаржылық операцияларға қарсы іс-қимылда мемлекеттік органдармен құқық қорғау құрылымдарының күш-жігерін үйлестіру және негізгі тәуекелдерді азайту болып табылады.

Айта кет ейік, жақында қаржылық мониторинг агенттігінің үздік тергеушілері анықталды.